Астанада үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі

05.09.2023 23:21

Желіге жүктелген видеодағы қарбалас мектеп дәлізінде болған

кадр из видео

Астанада оқушы орны жетіспеушілігінен киім ілетін орында кезек пайда болған. Нұра ауданына қарасты №71 мектеп-лицейінде білім алатын 5000-нан астам бала үшін ауысымнан ауысу қиындық туғызып отыр. Оқушылардың тар орынға сыймай, сығылысып, сабаққа асыққан бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей есіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Желіге жүктелген видеодағы қарбалас дәлізде болған. Директордың сөзіне сенсек, екі ауысымның оқушылары бір уақытта келіп қалған. Ал қазір арнайы күзет қызметі мен қызметкер қойылған.

– Бізде киім ілетін орын болған жоқ. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі сол жерде болды. Қоңырау соғылғанда бәрі сыныптан шыққан соң, осындай жағдай болды. Бірақ 3-5 минут ішінде мұғалімдер оны шешті, – деді №71 мектеп-лицейінің директоры Майя Мұқашева.

Мұғалімдер мәселені уақытша шешіп қойғанымен, мектепте орын тапшылығы әлі де бар. 1200 балаға арналған білім ордасында қазір 5 мың оқушы оқып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап олар 3 ауысымға көшірілген. Балаларының мектепке сыймай сабылғанынан ата-аналар да мезі болған.

– Балам 6-сыныпта оқуы керек еді. Орын болмағандықтан, Алматы қаласына ауысып жатырмыз, – деді қала тұрғыны Нұржанат Елемесова

– Екі баламды осы мектепке алып келдім. Биыл ауыстық. Біз басқа ауданда тұрамыз, орын жетпеген соң, Білім басқармасы осында жіберді. Мектепке жету қиын. Күнделікті жүрген жолымызға бір сағат кетеді. Күн сайын осылай сабыламыз, – деді қала тұрғыны Райхан Қасейінова

Елордада үш ауысымды мектептер мәселесі таяу арада шешілмек. Қалалық білім басқармасы алдағы 2 жылда 24 мектеп салынады деп сүйіншіледі. Оның ішінде 15 білім ордасы оқушылары дәлізге таласқан Есіл, Нұра ауданында бой көтереді.  Жалпы 90 мыңға жуық орынға лайықталған жаңа форматтағы білім ошағы қолданысқа беріледі.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда «Мыңжылқы» жаңа кемпинг-аймағы ашылды