Жамбыл облысында құны 40 млн теңге болатын медициналық спиртті шекарадан заңсыз өткізбек болғандар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қырғызстан азаматы 19 тонна спиртті транзиттік түрде Ресейге жеткізбек болған. Алайда облыстық прокуротура мен шекарашылар заңсыздықтың жолын кесті. Қордайдағы өткізу бекеттерінде ұсталған шет ел азаматының ісі аудандық сотқа өтіп, тергеу басталды. Ал, тәркіленген спирт бүгін ауданнан облыс орталығына арнайы жеткізіліп, прокуротура мамандары ақ халаттыларға табыстады. Медициналық сұйықтық енді емдеу ісіне қолданылмақ.
«Осы факті бойынша, құқық бұзушы Қордай аудандық сотының 24.07.2020 жылғы қаулысымен 283-1-бабының 5-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, жүгі тәркіленді. Прокуротураның үйлестіруімен карантин кезінде қажетті 23 000 литр антисептиктер мен дезинфекциялық құралдар дайындауға болатын тәркіленген спирт Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасына беріледі», – деді Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Мақсат Дауырбаев.