«Граната болмауы мүмкін»: алматылық тұрғынның қолында жарылған заттың не екені әлі анықталған жоқ

17.04.2019 01:56

Граната болса жәбірленушінің аман қалуы екіталай еді дейді полицейлер

Бүгін таңертең Алматы қаласының тұрғыны белгісіз заттың жарылуы салдарынан жарақат алды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір ол Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасыныың жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастап кеткен.

И. есімді азамат жарылыс салдарынан саусақтарынан айырылған. Оның оң білегіне дереу ота жасалыпты.

«Бізге науқас беті мен кеудесі, мойны және екі қолы қатты күйген жағдайда жеткізілді. Тексеру барысында біз оның миына да зақым келгенін анықтадық. Бірден оң алақанына ота жасадық. Күйген жерлерін таңдық. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты», – дейді Алматы қалалық № 4 клиникалық ауруханасы политравма бөлімінің меңгерушісі Дәурен ТҮСІПОВ.

Оқиға орны анықтала салысымен қалалық полиция департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген. Алайда, қандай жарылғыш зат екені, жәбірленушінің оны қайдан алғаны және оған қолданылатын жаза да тек тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана белгілі болмақ.

«Аталған дерек бойынша Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шегушінің айтуынша, ол бұл белгісіз затты бір жерден тауып алған көрінеді. Тергеу барысында біз ол заттың қайдан шыққанын, кімге тиесілі екенін міндетті түрде анықтаймыз», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қалалық полиция департаменті науқастың қолын зақымдаған зат граната болмауы да мүмкін, себебі егер ондай болса, жәбірленушінің аман қалуы екіталай еді дейді.

Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Теги: граната