Петропавлда көлік жөндеу орталығындағы жарылыстан 9 адам жарақат алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Өртті сөндіруге 13 техника мен 49 маман жұмылдырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында техникалық қызмет көрсету орталығында болған жарылыстан 9 адам түрлі деңгейде жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл қаласындағы техникалық қызмет көрсету орталығында болған жарылыстан көршілес тұрған шырын сақтайтын қоймаға да зақым келген. Ғимаратта өрт шарпып, дүмпу салдарынан нысанның қабырғалары құлап, терезелері сынған.

«Үлгергендер автокөліктерін дереу шығара бастады. Өрт сөндірушілер келді. Біз өзіміздің қоймамызды сақтап қалуға тырыстық. Мұнда шырын сақталады. Іште тұрған 4 мың бөтелке бір мезетте жоқ болды», – деді қойма жұмысшысы Игорь Говязин.

Жарылыс салдарынан 9 адам жарақат алды. Оның бесеуі 1, 2, және 3-дәрежелі терең термиялық күйікпен ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер бақылау жүргізілгеннен кейін науқастарға хирургиялық емнің қажеті бар-жоғы белгілі болатынын айты.  

«Ауруханаға жеткізілгендердің барлығының беті, қолы күйген. Біразының жамбасы мен білегін күйік шалған.1 және 2-дәрежелі жарақат алғандар үйге жіберілді», – деді Көпбейінді қалалық аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Төтенше жағдай орталықта тұрған автокөліктердің біріндегі газ құрылғысының жарылуынан болған. Қызыл жалын 100 шаршы метр аумаққа жайылған. Өртті сөндіруге 13 техника мен 49 маман жұмылдырылды. Қаза тапқандар жоқ. Келтірілген материалдық залал анықталып жатыр.

«Техникалық қызмет көрсету орталығында тұрған автомобильдің газ - ауа қоспасы жарылған. Кесірінен құрылыс конструкциялары өртеніп, қабырғалары құлаған. 13 бірлік техника зақымданды», – деді ТЖБ бастығының орынбасары Әзімхан Мерғасимов.

Бұл жағдай сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Қазір тергеу әрекеттері мен сараптамалар жүргізілуде.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров