Ақтөбеде газ тарату стансаларының бірінен ақау шықты

11.10.2023 02:11

Құбыр екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген

Almaty.tv

Ақтөбеде газ тарату стансаларының бірінен ақау шығып, сол маңдағы шағынаудандарды қолқаны қабатын өткір иіс жайлап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс жағдай 9 қазанда болған. Сағат 22:00- де Төтенше жағдайлар департаментіне қала маңындағы Береке тұрғын алабындағы диспетчерлік пунктте газ құбыры жарылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу жеткен мамандар газ құбырынан шыққан ақауды анықтады.

 Үшінші газ тарату стансасында қысым төмендеп кеткен. Мамандар бірден барып, құбырды жапты. Түнгі сағат 23:00-де жұмысы аяқтадық, – деді облыстық Магистральды газ құбырлары басқармасының директоры Ділдабай Тайшымов.

Жергілікті билік өкілдері газ шыққанымен, өрт болмады деп отыр. Өйткені төтенше жағдайға қатысты шақырту орнына «ҚазТрансГаз аймақ» компанияының қызметкерлері де барып, газ жіберіп тұрған құбырды жауып тастаған. Оның үстіне, тұрғындарға газ жеткізуде де еш кедергі болмапты.

Айта кеткен жөн, құбыр екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген екен.  

– Жауапты мердігер мекеме ақаудың шығу себебін анықтап жатыр. Келісімшарт бойынша құбырлардың екі жылдық кепілдігі бар. Анықтап болған соң, нақты себебін жариялаймыз, – деді Коммуналдық жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің бас маманы Болат Серіков.

Апат болған аумаққа жедел жәрдем бригадасы да жөнелтілді. Бірақ жақын тұратын үйлерден денсаулығына ешкім шағымданбаған.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Смайылов әкімдерге газ-техникалық инспекциясының өкілеттігін кеңейтуді тапсырды