Қайтыс болған жігіт Қызылорда облысының тумасы
Петропавлдағы екінші жылу электр орталығында тағы да қайғылы жағдай болды. Небәрі 22 жастағы жұмысшы кәсіби қызметін орындау кезінде жарақат алып, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс оқиға кәсіпорында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. 1 айға жалданған компания қызметкерлері шатырды жөндеп жатқанда 22 жастағы монолитшінің үстіне кенеттен 1,5 тонналық темір құлаған. Жұмысшы бірден есінен танып, ауруханаға жеткізілген.
«Оқыс оқиғаның қалай болғанын айта алмаймын. Себебі ол кезде болған жоқпын. Үшінші қазандықтың жанында, метал конструкциялары үстіне құлаған. Сол күні таңертең қар жауып, еріп кеткен еді. Бәлкім, сол себепті сырғанап кеткен шығар», деді «Строй центр арсенал» ЖШС директоры Всеволод Сысолятин.
Серіктестік басшысы марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілгенін айтты. Қайтыс болған жігіт Қызылорда облысының тумасы. Оның денесі медициналық сараптамадан кейін туған жеріне жіберілді. Бұл жағдай бойынша Қылмыстық Кодекске сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеті жүргізіләп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыстарды орындау кезінде өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жауапты тұлғалардың кінәсі анықталатын болады», – деді СҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұрбек Баекин.
Айта кетейік, бұл Петропавлдағы екінші жылу электр орталығында болған бірінші оқыс оқиға емес. Бұған дейін қаңтар айында 27 жастағы қызметкер жарылыстан алған күйіктерінен қайтыс болған еді. Ал содан 2 ай өткеннен кейін 38 жастағы кәсіпорын жұмысшысы үстіне құбыр құлап, мерт болған. Жылу электр орталығында биыл осымен үшінші адам өлімі тіркеліп отыр.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан