Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері заңсыз сатылып жатқан медициналық препараттарды тәркілеу бойынша рейд жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Полицейлер мен қалалық прокуратура өкілдерінен құралған мониторинг тобы ҚР заңнамасын бұзу фактісін анықтау үшін астаналық дәріханаларға рейд жүргізіп жатыр. Рейд басталғалы ҚР заңнамасын бұза отырып медициналық дәрі-дәрмекті сатудың 84 фактісі анықталды, 96 адам ұсталды. 5 026 қап дәрі, 179 дене қызуын өлшейтін құрал, 250 мыңнан астам медициналық маска, 20 мыңға жуық медициналық қолғап, 679 литр антисептик тәркіленді. Тәркіленген препараттардың жалпы соммасы 19 млн теңгені құрады. Дәрі-дәрмек бағасын көтеріп сатқан 50 тұлға жауапкершілікке тартылды, 400 дәріхана тексерілді. Рейд жүргізген екі күн ішінде медициналық препараттардың бағасын көтеріп жіберген 11 дәріхана анықталды. Аталған азаматтардың барлығы ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.