Түркістан облысында старосталыққа таласқан оқушы қыздар төбелес шығарып, біреуі ауруханаға түсті. Оқиға Кентау қаласында болған. №1 мектеп-гимназиясына бір ай бұрын ғана басқа мектептен ауысып келген оқушы сыныптың 8 жылдан бергі старостасы болып келген белсендісімен топбасшы болуға таласып қалған. Қыздар мәселені сөзбен емес, жұдырықпен шешуді жөн көріпті. Кездесуге құрбыларын ерте келген оқушылар арасында жанжал туып, біреуі ауруханадан бір-ақ шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Текетірес Кентау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясы оқушыларының арасында болған. Осыдан бірер ай бұрын өзге мектептен 8-сыныпқа ауысып келген бір оқушы құрдастарымен жанжалдасып қалған екен. Оның «енді старосталарың мен боламын» дегені 8 жылдан бері сынып белсендісі болып келген Арина есімді оқушыға жақпай қалған көрінеді. Екеуінің арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан.
Құрбысымен бірге сөйлесуге барған Арина әңгіменің соңы төбелеске ұласып кетеді деп ойламадым дейді. Спорттан баскетбол мен волейболға қатысып көзге түсіп жүрген оқу озаты «бәрінен де, жабылып кеткені ашындырады» деп отыр. Әбден таяқ жеген оқушы енді ол қызбен бір сыныпта оқығым келмейді дейді.
«Олар о баста 2 қыз боп тұрды, сосын сөйлесіп тұрдық. Кейіннен қыздары келгеннен кейін төбелесті бастадық. Алдымен жеребе тастады. Play Маркет-тен бір қосымша жүктеп, сол арқылы Аружан деген қызға түсті. Сосын келіп ол мені ұрды, артынша Айнұр келіп жабылды, содан соң Маржан қосылды. Мен өзімді қорғадым. Мен мектебімді өйтіп артқа тартатын қыздардың болғанын қаламаймын және мен сияқты қыздардың жапа шеккенін қаламаймын», – деді №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Арина.
Соққыдан миы шайқалып, 4 күн ауруханада жатып шыққан Аринаның сөзінше, төбелескіш сыныптасы өзге мектептен бұзақылығы үшін кеткен екен. Басқаларды пышақпен қорқытқаны үшін қуылған көрінеді. Қыздың тәртібі қиын екенін мектептегілер де растап отыр.
«Омар Айнұрға келетін болсақ, ол қыз бізге қазан айында келді, бірінші тоқсанды осы жерде қорытындылады. Табельдегі бағалары жақсы. Бірақ тәртібі қиындау деп естігенбіз. Біздің ол баланы алып мектептен шығарып тастауға ешқандай құқымыз жоқ. Егер ата-анасы өзі әкетемін десе, әрине, өзі біледі. Ал жалпы, ол қыз осы мектепте оқи береді. Біз оны қатаң бақылауға алып, қосымша жұмыстар жүргіземіз», – деді №1 мектеп-гимназиясының директоры Қайрат Төлегенов.
Бүгінде тәртібі қиын қыздардың өзімен және олардың ата-аналарымен полиция қызметкерлері айналысып жатыр.
«Медициналық құжаттар алынып, сараптамаға жолданады. Сарапшылардың қортындысы бойынша нақты заң шеңберінде шешім қабылданады», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Жалпы, төбелеске барлығы 7 қыз қатысқан екен. Енді олар тәртібі қиын жасөспірімдер ретінде арнайы тіркеуге алынатын болды. Оқушыларының тәртібін қадағалай алмаған мектеп директорының орынбасары жұмыстан босатылыпты. Ал ол кикілжіңге қатысқандар оқитын 3 мектептің директорына тәртіптік жаза қолданылатын болады.