Бойжеткен жақында ғана 18-ге толған екен
"Тұлпар- Тальго" пойызында ер адам жолаушы қызды зорламақ болды деп айыпталуда.
Бұл жайында Facebook әлеуметтік желісіндегі "Не молчи" қоры жазды, деп хабарлайды Stan.kz.
Автордың айтуынша, бойжеткен жақында ғана 18-ге толған екен. Бұл оқиға 2 қыркүйекте болған. Бойжеткен мен ағасы "Тұлпар-Тальго" пойызына бірге отырған. Алайда, ағасы Қарағандыдан түсіп қалған. Қыздың жанына 60 жастағы ер адам жайғасыпты.
"Өзін біреудің аймалап жатқанын сезгенде қыз ұйықтап жатқан екен. Бір уақытта купенің есігі ашылып, жолсерік бір зат берген. Содан қайтадан біреу аймалай бастағанын сезеді. Бойжеткен орнынан тұрып жарықты қосып қалса, іш киіммен отырған ер адамды көреді. бірден жүгіріп барып жолсерікті шақырған", - деп жазады "Не молчи" қоры.
Бойжеткен өзін басқа купеге ауыстыруын өтініпті. Ары қарай болған жайтты ағасына жеткізген. Ол пойыз қызметкерлерінің полиция шақыруын талап еткен.
Бас көлік прокуратурасы бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабының 1-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"2 қарашада «Қарағанды-Сортировочная» станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық құрамның болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы шешім қабылдады. 8 қарашада Жезқазған көлік прокурорының шешімі алынып тасталды және істің барлық жағдайларын толық және объективті тексеруді қамтамасыз етуге бағытталған нақты жазбаша нұсқамалармен қосымша тергеуге қайтарылды", - деп хабарлады прокуратурада.