Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Жаңаөзенде адам өліміне әкеліп соққан жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыстық прокуратура да жедел-тергеу тобын құрды. Ведомствоаралық комиссия оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңаөзенде болған жағдай халықтың зәре-құтын қашырды. Таңғы сағат 4:00-де Шұғыла шағынауданындағы 2 қабатты үйде болған жойқын жарылыс 4 адамның өмірін алып кетті.
«Сағат 3:50-де тұрдым, ауыз бекітейін деп ас дайындап жатқам, гүрс ете қалды. Үйдің бәрі қозғалып кетті. Көрші әйел мына үйден 3 баланы алып шықты. Жер сілкінісі екен деп ойладым. Айна шағылғаннан кейін, балалардың шулаған дауысын естідім», – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ұлболсын Тойметова..
Қайғылы оқиғадан 17 адам зардап шекті. 2 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Жаңаөзен қалалық ауруханасында 7 тұрғынға алғашқы көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. 2 адам жан сақтау бөлімінде, тағы үшеуі травматология бөлімшесінде жатыр.
«Бір науқасты 80 пайыз күйік шалған. Ақтаудан санавиациямен дәрігерлер көмекке келді. Ақтаудан келген мамандар қарап, жағдайы ауыр болғандықтан, облыстық ауруханаға жіберілді. Жан сақтау бөлімінде 2 науқас жатыр. Біреуі – жүкті келіншек. Нейрохирургтер омыртқасына ота жасайды. Екінші науқастың аяғы бетонның астында қалған. Жағдайы ауыр», – деді Жаңаөзен қалалық ауруханасының директоры Серік Бақтияров.
Қайтыс болған 4 адамның екеуі әйел, біреуі ер адам және 3 жасар қыз бала. Төтенше жағдайлар министрлігі жарылыстың алдын ала себебін айтты.
«Төтеншеліктер үйіндіні жинау барысында ешқандай газ баллонын анықтаған жоқ. Қазіргі таңда газ ауа қоспасының жарылуы болып есептеліп отыр. ҚК 292-бабының 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Түрлі сарапта тағайындалатын болады», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұқанов.
Айта кетейік, оқиға орнында 350 адам құтқару жұмысымен айналысты. Жергілікті билік үйлері қираған тұрғындарға баспана берілетінін алға тартты.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Жаңаөзеннен