Алматы маңында ұшақ құлап, 4 адам қаза тапты

13.03.2021 в 23:38

Алдын ала ақпарат бойынша, борт ұшу-қону жолағының ұшында апатқа ұшырады

Фото: tengrinews.kz

Алматы маңында ұшақ құлады. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұшақ бортында болған төрт адам қаза тапқанын, екі адам зардап шеккенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгін сағат 17.20 шамасында Алматы әуежайына қонуға бет алған кезде, Нұр-Сұлтан - Алматы бағыты бойынша келе жатқан Ан-26 әуе кемесімен байланыс үзілді. Бірден дабыл жарияланды, әуежайдың апат-құтқару қызметкерлері оқиға орнына шықты. Алдын ала ақпарат бойынша, борт ұшу-қону жолағының ұшында апатқа ұшырады»,– делінген Алматы әуежайының Facebook-тегі хабарламасында.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 4 адам қаза тауып, 2 адам Алматы қаласының №4 қалалық ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында Алматы қаласы ТЖД, Алматы облысы ТЖД, әуежай қызметі, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, 109 құтқару қызметінен 45 адам, 15 бірлік техника жұмыс істеді. Ұшақтың жануы сағат 18.02-де тоқтатылды»,– делінген хабарламада.