Қауіп әлі сейілген жоқ: Түркістан облысында 4 ауылды су басып қалды

02.05.2020 23:40

Жағдайды бақылау үшін арнайы құрылған шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр

kabar.kg

Өзбекстанда Сардоба су қоймасында дамба бұзылып, Түркістан облысындағы төрт елдімекенді су басып қалды. Өзбекстан тарапы, қазір қоймадан су шығуы тоқтады. Дегенмен, елдегі бірқатар ауылдарды су басу қаупі әлі де бар. Абырой болғанда, елімізде зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жағдайды түсіндіруінше, екі ел шекарасында орналасқан Мақтааралдағы ортақ су жинақтайтын коллекторға 300 миллион су келіп құйған. Жалпы, қойманың секундына 120 текше метр суды өткізуге қауқары жетеді. Бірақ оған түнімен жылдамдығы секундына 180 текше метр су келіп құйылған. Сондықтан су жан-жаққа жайылған. Соның салдарынан, 4 елдімекенді топан су алып, 5400 адам эвакуацияланды. Халықты көшіруге 450 полицей көмектесті.

«Малдың көбі құтқарылды. Адамдар да түгел шықты. Ешқандай шығын жоқ. Енді соның бәрін күзетке алатын боламыз. Ал егер судың әлі де келетін болса, тағы да 4 елдімекенді эвакуациялауға дайындаймыз. Нұрлыжол елдімекені, Фирдауси, Жантақсай, Жайлыбай елдімекендерін көшіретін боламыз. Қазір төтенше жағдайды тұрақтандыру үшін жақын орналасқан аудандардың күштері жұмылдырылды», - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Эвакуацияланған халықтың біраз бөлігі өз көлігімен туған-туыстарын паналаса, қалғаны дайындалған 10 мектепке жайғасты. Олар тиісті медициналық көмекпен, азық-түлікпен толықтай қамтылады деді облыс басшысы. Ал Мемлекет басшысы зардап шеккен халыққа көмек көрсетуді тапсырды. 

Мақтарал ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мақтааралдағы құтқару жұмысына 635 құтқарушы маман мен 60 бірлік техника жұмылдырылды. Жағдайды тәптіштеп түсіндірген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарды сабырлы болуға үндеді.

«Тұрғындарға айтатыным, қазір дүрлігіп, паника жасап, кез келген көлікке мініп, жолға шығудың қажеті жоқ. Бәрі ұйымдасқан түрде атқарылып жатыр, бәрі реттеледі, бәрі қалыптасады. Орнына келеді. Біздің Арыстан кейінгі үлкен тәжірибеміз бар. Сол тәжірибе бойынша жұмыс істеп жатырмыз қазір. Қалыптасқан алгоритм бар. Сондықтан бұл төтенше жағдай – жергілікті масштабтағы төтенше жағдай. Бұл жерде бізді бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың түгел мүмкіншілігі бар. Толық мүмкіншілігі бар», - деді Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Жағдайды бақылау үшін Төтенше жағдайлар комитетінде шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Оған комитет басшысы Владимир Беккер төрағалық етеді. Жағдайды бақылауда ұстау үшін оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі аттады. Олар жағдайды әуеден бақылады.

Қазір облыстық маңызы бар Мырзакент – Жеңіс – Жаңа тұрмыс автомобиль жолы жабық. Оны су басып, көлік жүруге мүмкіндік болмай тұр.

Сондай-ақ, «Казгидромет» РМК 2-6 мамыр аралығында Түркістан облысында жауын-шашын жауады деп болжап отыр.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы