Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр
Алматыда автобус қаққан екі азаматтың біреуі әлі ес-түссіз жатыр. Ал ер кісі оқиға орнында жан тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, кеше Абай даңғылының бойында жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан екі адамды автобус қатты жылдамдықпен қаққан еді. Тірі қалған келіншек №7 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Ол әлі жансақтау бөлімінде жатыр.
– Ауруханаға келгенде жағдайы өте ауыр болды. Ашық ми жарақатын алған, миына қан құйылып кеткен. Жамбас сүйегі сынған. Ес-түссіз жағдайда жеткізілді, дереу тексеріс өткізіп, ота жасадық. Ми жарақаты болған соң, миды ашып, құйылып кеткен қанды тазаладық, – деді №7 клиникалық аурухананың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов.
Адам өліміне әкеп соққан апатқа қатысы бар жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
– Дерек ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.