Түркістан облысында 4 адам газдан уланып көз жұмды

30.11.2021 01:09

Қайғылы жағдай Келес ауданы Ұшқын ауылы Бейімбет Майлин көшесіндегі үйлердің бірінде болған

Көрнекі фото: ehonews.kz: Getty Images

Түркістан облысында 4 адам газдан уланып көз жұмды. Қайғылы жағдай Келес ауданы Ұшқын ауылы Бейімбет Майлин көшесіндегі үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алдын ала мәлімет бойынша 47 және 49 жастағы екі ағайынды азамат, сондай-ақ 57 жастағы әйел мен 2017 жылы туған сәби қаза тапқан. Ағайындылар бір апта бұрын туған ағаларының қырық күндік асын өткізуге келген екен.

Белгілі болғандай, үйде газ жабдығына уақытылы техникалық қызмет көрсетілмеген. Сала жауаптыларының айтуынша, қолдан жасалған жылыту қондырғысын өз бетінше қосқан.  

«Оқиға орнын көру барысында пеш пайдалану ережелерінің бірқатар талабы сақталмағаны анықталып отыр. Қазіргі таңда осы оқиға бойынша полиция қызметкерлерімен тергеу амалдары жүргізіліп, сараптама тағайындалды. Биыл осы тектес төрт жағдай болды. Жалпы, осындай қайғылы оқиғалардан 11 адам қаза тауып отыр», – деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов.