|
31.05.2020 | 19:39
12170

Алматы облысында ресейлік азаматты аю талап өлтірді

Марқұм достарымен бірге балық аулауға барған екен

Алматы облысында ресейлік азаматты аю талап өлтірді Фото: Global Look Press/FLPA/Paul Sawer

Алматы облысында 41 жастағы ресейлік азаматты аю талап мерт қылды, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 30 мамыр күні Алакөл ауданы Лепсі ауылында болған. Таңғы сағат 11.00 шамасында полиция бөліміне ауыл шетіндегі тауда адамға аю тап бергені туралы ақпарат түседі. 

«30 мамыр күні 1979 жылы туған, бала кезінен бері Қазақстанда өмір сүрген, бірақ азаматтығы Ресей Федерациясына қарайтын В.В.Жеребятьев атты азамат өзінің достары – 1983 жылы туған С.Янковский, 1990 жылы туған Д.И.Янковский және 1984 жылы туған И.В.Янковскиймен бірге Лепсі тауының маңайындағы Тентек өзенінен балық аулауға кеткен. Бұл азаматтардың барлығы Лепсі ауылының тұрғындары. Балық аулап жүрген кезде Жеребятьев дала борсығын байқап, соның артынан тауға жүгіреді. Біраздан кейін С.Янковский Жеребятьевтің көмекке шақырған жан дауысын естіп, оның артынан көмеккке ұмтылады», - делінген ақпаратта. 

С.Янковский оқиға орнын жеткенде  В.Жеребятьевтің қансырап жерде жатқанын көреді. Сондай-ақ Янковский алыстап кеткен аюды көрген. Ресейлік жігіт борсық деп ойлап, аюдың қонжығының соңынан жүгірген. Ал қонжығын қорғаған аю сол кезде оған тап берген деген болжам жасалды.

Өкінішке қарай, аю талап, ауыр жарақат алған Жеребятьев оқиға орнында жан тапсырды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир