Алматыдағы су құбырларының 60 пайызы жөндеуді талап етеді – 1200 шақырым

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда су құбыры жарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін таңғы сағат 05.00 шамасында қаланың қақ ортасындағы магистральді су құбыры жарылды. Қатты екпінмен жоғары атқылаған ыстық судың кесірінен сол маңайдағы бірнеше көлік қирап, бизнес нысандарға зиян келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ойламаған жерден шығынға батқан азаматтар енді кімнен өндіріп аларын білмей дал. Қазір келтірілген залал көлемі есептеліп жатыр.

Гагарин көшесінің тұрғындары бүгін таңғы сағат 05.00-тен бастап аласапыран күй кешті. Аяқ-астынан жарылған құбыр біраз тұрғынды есеңгіретіп тастады. Оқиға орнына дереу жеткен апаттық құтқару тобы бірден реттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Қазір жол жағалай кеткен су тазартылып, жол қозғалысы ретке келді.

Куәгерлердің айтуынша, төтенше жағдай таңғы 5 шамасында болған. Су құбырының жарылуы айналасындағы біраз нысанға өз зиянын тигізген. Мәселен, жоғарыдағы электр бағаны істен шыққан, жанында тұрған бағдаршам бұзылған және мына дәмхана да қазір өз жұмысын тоқтатып, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Павел Шин осы маңайдағы дүкенде жұмыс істейді. Кеше кешкілік көлігін жұмысының жанына қойып кеткен. Сатып алғанына 4 күн болған машинасы қазір адам көргісіз. Қатты екпінмен атқылаған судың әсерінен тас көлігінің терезесін сындырып ішіне түскен. Енді ол көлік шығынын сақтандыру компаниясының өндіріп беретініне күмән келтіріп отыр.

«Шамамен көлікке келген шығынды есептегенімде 1 миллион теңге көлемінде. Өздеріңіз көргендей, көліктің жөндейтін жері көп. Сыртқы әрлеу жұмыстары қазір өте қымбат тұрады. Көлікке келген зиянды жазып жергілікті учаскелік басқармаға апарып тапсыруым керек екен. Содан кейін ғана бұл шығынды өндіріп беру бермеу жағын қарастыратынын айтты», – деді зардап шегуші Павел Шин.

Тұрғындардың айтуынша, бұл бірінші рет қайталанып отырған жағдай емес. Өткен жылы да көшенің жоғары жағында орналасқан су құбырынан ақау шығып, дәл осындай апат болған.  Сол кезде де тұрғын үйлер мен мекемелерге зиян келіп, біраз шығанға батқанын айтады.

«Мен осы үйде 5 жылдан бері тұрамын. Орталықтандырылған су құбырынан апат жиі орын алады. Түнгі уақытта мына жерде атқылаған суды тура субұрқақ дерсің. Жоғары атқылаған су көше-көшенің бәрін шайып кетті», – деді қала тұрғыны Александр Гриднев.

Мұндағы су құбыры 1985 жылдары тартылған. Диаметрі 800 миллиметр болатын су құбыры тек 25 жылға ғана жарамды екен. Мамандардың айтуынша, басты себеп  тозығы жеткен құбырлар қысымды көтере алмай жарылған.

«Қазір апат болған жерге тәулік бойы күзететін мамандарды қойдық. Осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Олар келген шығынның бәрін есептейтін болады. Тұрғындар мен заңды тұлғаларға келтірілген шығын есебі «Алматы жылу жүйесі» тарапынан өтелетін болады», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС ресми өкілі Ян Гирин.

Алматы жылу жүйесі мердігер компаниясының айтуынша, қаладағы су құбырларының 60 пайызына жуығын жөндеу керек. Яғни, жалпы ұзындығы 1200 шақырым құбырға 25 жылдан көп болған. Су құбырларын жөндеу мақсатында бюджеттен жоспарлы қаржы қарастырылып жатқанын айтты.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы


Новости партнеров