Қызметкерлердің ауыстырып тағатын бетпердесі жоқ. Кіреберістерде антисептік орнатылмаған. Әлеуметтік арақашықтықты білдіретін сызықтар сызылмаған. Бұл бүгін мобильді топ жүргізген рейд барысында азық-түлік пен мейрамханаларда анықталған олқылықтардың бірсыпырасы ғана. Енді оларға қандай жаза қолданылады? Almaty.tv тілшісі мобильді топпен бірге мониторинг барысымен танысып қайтты.
Бостандық ауданы әкімдігі қызметкерлері мен жергілікті полиция эпидемиологтармен бірлесіп кезекті рейдке шықты. Алғашқы бас сұққан дүкенде кіреберістен бастап ереже бұзылған. Шынтақпен пайдаланылатын антисептиктің орнына көпшілік пайдаланатын құты қойған. Оның сертификаттары мен сатушыларда бетперде болмай шықты.
Ал, мына мейрамхана өкілдері барлық талаптарды сақтаған. Қызметкерлеріне қос-қостан бетперде алып қойған. Сондай-ақ, жазғы алаңдағы үстелдердің де арақашықтығын 2 метрден кем емес етіп орналастырыпты.
«Біз өз тарапымыздан барлық нормаларды сақтағанымызбен, келушілер жағынан кейбір қиындықтар туындап жатады. Мәселен, кейбірі бетпердесіз келеді. Біз барлығына түсіндіруге тырысамыз», – деді мейрамхана директоры Эльвира РЫСБАЕВА.
Келесі мейрамхана өкілі, тіпті, неге ескертусіз келесіздер деп қарсылық білдірді. Өзін әкімшімін деп таныстырған қызметкер жұмысқа кеше ғана шыққанын айтып ақталмақ болды.
Кез келген мекеме қызметкерлері әр екі сағат сайын бтпердені ауыстырып тұруы қажет. Сонымен қатар, қолғап міндетті түрде болуы керек. Ал, бұл мейрамханада бір ғана қолғап пен екі бетпердені көріп тұрмыз. Демек, бұл жерде қосымша бетперде мен қолғап жоқ екен. Ал, кіреберісте міндетті түрде антисептикалық құрылғы, сонымен қатар жадынама болуы қажет. Бұл да жоқ болып шықты бұл мейрамханада.
Одан бөлек, жазғы алаңда тұрған антисептик сұйықтығының сертификаты да қызметкерлердің дене қызу тіркелетін журнал табылмады. Сондықтан мобильді топ әкімшілік хаттама толтырып істі сотқа жіберді. Ал, эпидемиолог мамандар күнде жүргізілген рейд оң нәтижесін беріп жатыр дейді
«Аудан бойынша күніне 2 қызметкер шамамен 10-нан астам мекемеге рейд жүргізеді. Соңғы уақытта санитарлық талаптарды сақтамағандардың қатары азайып келеді. Көбіне бұзылатын талаптар ол – бетперде тағу, санитайзер мен тепловизордың жоқтығы. Тиісінше, ереже бұзу деңгейіне қарай түсіндірме жұмыстары жүргізіледі немесе әкімшілік хаттама толтырылады», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Егор ТАРКИНСКИЙ.
Қазіргі уақытта мұндай мониторинг жұмыстары қала бойынша жүргізіліп жатыр. Мұндай шара карантин толық аяқталғанша барлық ауданда жалғаса береді. Сол себепті, мамандар босаңсудың қажеті жоқ екендігін және санитарлық нормаларды қатаң сақтауды ескертіп отыр.
Арнат Дүсен, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы