Жамбыл облысында басқарма 300 теңгелік батареяны 10 млн теңгеге сатып алмақ болған

Жамбыл облысында басқарма 300 теңгелік батареяны 10 млн теңгеге сатып алмақ болған
Бақылаушы орын келісім жасалмай тұрып облыс әкімдігіне ескертіп үлгерген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Аңқау елге – арамза молда». Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты басқарма 300 теңгелік батарейканы 10 млн теңгеге жуық қаржыға сатып алмақ болған. Бұл деректі аймақтағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері анықтап отыр. Біреуінің құны 900 мың теңге тұрарлықтай, оның қандай құдыреті бар екенін Almaty.tv тілшісі анықтап көрген еді. 

10 дана қарапайым қуат батареясын 10 млн теңгеге жуық қаржыға сатып алмақ болған – облыс әкімдігіне қарасты Цифрлық технологиялар басқармасы. Мекеме мамандары мемлекеттік сатып алулар сайтына 1 дана батарейканың құнын 900 мың теңгеден асады деген. Алайда бағаның шамадан тыс көп екенін байқаған бақылаушы орын жағаларын ұстаған. Осылайша, келісім болмай тұрып облыс әкімдігіне ескертіпті. Ал бұған жауапты мамандардың жауабы жайбарақат екені тағы таңғалдырады.

«Тиісті орган мамандары цифрларды енгізу кезінде қате кетті деп жауап берді. Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының тарапынан ол батарейкалар 901 мың теңгеден деп қойылған. Алайда ол батарейкалар 300 теңгеден тұрады. Сәйкесінше бюджетке 9 млн 14 мың теңге қайтарылды», – деді Жамбыл облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Айбек Әжібаев.

Тексеріс жүргізу кезінде қалалық білім бөлімінен де қаржылық олқылық анықталған. Әкімдік мемлекеттік сатып алулар арқылы данасы 380 мың теңгеден 100 дана компьютер сатып алдырмақ болыпты. Дегенмен компьютердің әр қайсысы 220 мың теңге тұратыны анықталған.

«Тараз қаласының білім бөлімі сәйкесінше, негізсіз қымбат қойған. Аталған дерек анықталғаннан кейін біз ұсыныс хат жазып, бюджетке 16 млн теңгені кері қайтардық», – деді Айбек Әжібаев.

Жалпы, Жамбылда жыл басынан бері осындай бақылаулар арқасында 1 млрд теңгеден астам қаржы қазынаға қайтқан.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан


Новости партнеров