Атырау облысы Махамбет ауданында ахуал күн сайын күрделеніп барады. Кешелі бері маңызы бар тас жолдар жабылып, қатынас тоқтаған. Жергілікті билік апаттың алдын алу үшін бар күшті салып-ақ жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арнасынан асқан су 2 ауданға қауіп төндірген. Кеше Махамбет–Сарытоғай ауылын жалғап тұрған маңызы бар тас жол жабылды. Өйткені қызыл су жер-көкке тасып, жолдың жарты бөлігін шайып кеткен. Соның салдарынан қараша амалсыз құм мен инертті материал әкеліп, бөгет орнатты. Қазір тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру қарқынды жүріп жатыр. Қоғамдық көліктерден бөлек, алыстағы ағайынды құтқаруға қайықтар да қолданылған. Ал Сарайшық ауылындағы арнаулы қызмет алушылар жағдай ушықса, қалаға көшірілуге тас түйін дайын. Қазір арнаулы мекемеде 300-ден аса азамат бар. Оларға 100-ге тарта маман қызмет көрсетеді.
– Тасқын су қауіп тудырған жағдайда тұрғындар Атырау қаласына эвакуацияланады. Бүгінгі күні Атырау қаласы, Геолог ықшамауданы аумағындағы, Атырау-Доссор тас жолы 252А мекенжайында орналасқан ТЕФТЕ ГАТЕ филиалының жатақханалары дайын. Қазіргі күні ахуал тұрақты. Дегенмен көліктер дайын, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құралай Тілеумағамбетова.
Су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен құлсарылықтарға көмек көрсету әлі де тоқтаған жоқ. Төтенше жағдай басталғалы Құлсарыға 1 мың тоннадан астам жылу жеткізілген. Азық-түліктен бастап, қажетті тұрмыстық заттарға дейін қарастырылған. Бүгінде 200-ден аса ерікті көмекті тарату, сұрыптау, бөлу жұмысына жұмылдырылды.
– Халыққа азық-түлікті белгілі бір кесте бойынша таратамыз. 500-ге жуық отбасын барлық қажетті затпен қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір 20 тонналық фурамен Атыраудан гуманитарлық көмек келді, оларды 4 пункт арқылы таратудамыз. Ұзақ сақталатын азық-түлік, гигиеналық құралдар мен тұрмыстық химиялық заттардан тұратын гуманитарлық көмек Жылыойға облыс орталығынан келуде, – деді Құлсары қаласындағы еріктілер штабының жетекшісі Жанаргүл Шарғабаева.
Шаһарда 94 эвакопункт дайын тұр. Тасқын қаупі төнген жағдайда қала тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру үшін мұнда 10 250 орын әзірленген.
Айта кетейік, Жайық өзеннің су деңгейі 3 сантиметрге көтерілді. Қазір жаға бетінде тұрған қоршаудың барлығын қарғын су жайпап кеткен.
Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Баспана құлауы мүмкін: жертөлені кәріз суы басып қалды