Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданында кәріз суы елдің құтын қашырған. Жертөледегі иістен мезі болған азаматтар жағдайды реттеуге өздері кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұрт жертөлені басқан кәріз суынан әбден мезі болған. Қысы-жазы жағымсыз иіс үйді алып, қолқаны қабады деген олар «айына 7-8 рет арнайы техника шақыртсақ та, жер бір құрғамады» дейді. Кәріз суы қайта толып кете берген соң азаматтар құбырлардағы ақауды анықтауға тырысқан. Ал жағымсыз иіске толы жертөледегі судың биіктігі 40-50 сантиметрге дейін жеткен.
– Үйге кіру мүмкін емес. Шыбын-шіркей, бақа-шаян бәрі бар. Бетонды су тесіп шығып жатыр, – деді қала тұрғыны Еркегүл Досмағұлова.
– Үй сасып жатыр. Әлі де иіс бар. Су тоқтамаса, төртінші подъезд құлауы мүмкін, – деді қала тұрғыны Талғат Әуезхан.
80 пәтерлі көпқабатты үйдің тұрғындары бұл мәселемен аудандық әкімдікке де, жауапты мекемеге де сан мәрте хабарласқан. Алайда ешкім жертөледегі судың қайдан келіп жатқанын анықтауға асықпаған. Ал ықшамаудандағы азаматтар жертөлеге аққан кәріз суы көрші үйден келіп жатыр деп күдіктенеді. Мәселеге араласқан әкімдік тексеріс жұмыстарын жүргізген.
– Тұрғындар шағымы түскен соң, тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде ескі құбыр жүйесін анықтадық. Әзірге тұрғындар айтқандай, су №44 үйден келуі мүмкін. Нақты шешімге келіп, олқылықты жедел ретке келтіретін боламыз. Жұмыстар жалғасады, – деді сумен жабдықтау цехының маманы Александр Востреков.
Бес жылдан бері жертөледегі сасық кәріз суынан құтыла алмаған жұрттың айтуынша, тыныс ауруына шалдығуы мүмкін. Әлихан Бөкейхан ауданында 1000-нан аса көпқабатты үй барын ескерсек, жергілікті билік жертөлелерді назарға алуы тиіс.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды
Оқи отырыңыз: Көпір жоқ: Жаңаарқа ауданының тұрғындары пойыздың астынан өтуге мәжбүр