Қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр
Ақтаудағы №23 орта мектепте болған әлімжеттік әлеуметтік желіні шулатты. 11-сынып оқушысының өзінен кішкентай балаға жұдырық жұмсағаны білім ордасының бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Таяқтың астында қалған 7-сынып оқушысы қазір ауруханада ем алып жатыр. Ал баласы үшін алаңдаған ана психологқа да жүгінген. Енді істі сотқа дейін апарып, оқу ошағындағы буллингті осылай тоқтатамын деп отыр.
- Баламның жағынан ұрып, басы орындыққа тиіп, бірнеше минут есін жоғалтады. Бас айналу мен жүрек айну кетпеген соң, ауруханаға жатқызды. Сол күні Диас баламды ұрып-соғып болған соң, бүкіл баланы жинап, "Нұрбекпен қол алысып амандаспаңдар" деп буллинг жасаған, - дейді оқушының анасы Әсем Мұнатова.
- Спортшы, боксшы, көптеген шараға қатысып жүр. Мінезінде тентектігі бар. Өзін ұстай алмай қалады. Әлеуметтік жағдайы орташа, көпбалалы отбасынан шыққан. Алтыншы сабақтан тараған соң далада үлкен балалардан алып қалған деді, - дейді №23 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жамилова
Жас түлек осыған дейін де мектепте бұзақылық көрсетіп, тәртібіне байланысты мектепішілік есепке тіркелген. Өзінен әлсіздерге әлі жететін жігіт тек жұдырық жұмсап қана қоймай, электрошокерін де жиі пайдаланған. Жергілікті полицияның мәліметінше, қазір бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Павлодарда бала терезеден құлап кетті