Жеке тұрғын үй ауласындағы қоймада жарылыс болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Үйдің қоймасында 25 литрлік 2 газ баллоны болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылып, арты өртке ұласты. Оқиға Шевченко және Қожамқұлов көшелерінің қиылысындағы үйдің қоймасында болған. Абырой болғанда, апат кезінде баспанада ешкім болмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша жарылыс дәл осы үйдің ауласындағы қоймада болған. Қазір оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы, өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ коммуналды мекеме өкілдері де осында келді. Тағы да бір жарылыс болуы мүмкін деген қауіппен ішке өзге адамдарды кіргізіп жатқан жоқ.  

Апатты жағдай күндіз сағат 15.00 шамасында болды. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың жойқын болғаны сондай, қатты дыбыстан сол маңдағы тұрғындардың бәрі үй маңына жиналған. Олар өрт сөндірушілер келгенше шелекпен су тасып, жалынды ауыздықтауға тырысып бағыпты.

«Осы жаққа жүгіріп келгенімде, жарылыс болды. Оған дейін түтін шығып тұрған. Соны көріп жүгіріп келдім», – дейді куәгер Бақыт Батырбек.

«Мен осы маңда жұмыс істеймін. Үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде қатты дыбыс шықты. Мамандар газ баллоны жарылды деп жатыр», – дейді тағы бір куәгер Мұрат Нәбиев.

Үйдің қоймасында 25 литрлік 2 газ баллоны болған. Сондай-ақ сыйымдылығы 5 литр екі баллон табылды. Өрт сөндірушілердің айтуынша, оқиға орына келген кезде екінші баллон ысқырып тұрыпты. Мамандар қауіпті құралды бірден залалсыздандырып, қауіпсіз жерге шығарды. Ал апат салдарынан жарақат алғандар жоқ. Үй иелері оқиға кезінде жұмыста болған. 

«Өртті сөндіруге Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 35 маман және 5 техника жұмылдырылды. Қауіпті деп табылған баллондарды залалсыздандырдық. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр», – деді Алмалы ауданы ТЖБ аға инженері Руслан Қасенов.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті соңғы кездері шаһарда өрт фактілерінің жиілеп кеткенін айтады. Мәселен, мегаполис бойынша 101 нөміріне күніне 500-дей қоңырау келіп түседі екен. Сондықтан қала тұрғындарын барынша өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров