Жамбыл облысында ТЖ кезінде той тойлайтындар азаймай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкім-қара мен құқық органдары сауықты ауыздықтай алмай әлек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде той тойлайтындар әлі де азаймай тұр. Мейрамханада той тойланса, кешкі сауық орындары жасырын жұмыс режиміне көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал әкім-қара мен құқық органдары сауықты ауыздықтай алмай әлек. Екі  күн бойы жүргізілген рейдтің нәтижесі қандай?

Бұл – Тараз қаласындағы тойханалардың бірі. Сыртына қарап, жан баласы жоқ па дерсің. Бірақ  қызықтың бәрі сырт жарығы сөндірілген  мейрамхананың ішінде болып жатыр.

Тойға тап болған тексеруші топ нысан иесін таба алмады. Десе де болып жатқан қуынышты тарқатып, мейраханаға ескерту жасады. Ал, бұл –  жұмысын түнде бастайтын кафе-бардың бірі.  Қала орталығындағы нысан, бір қарағанда жұмыссыз көрінеді. Бірақ  төменгі қабаттан 5 бірдей кабинаның келушілерді жасырын қабылдап жатқаны анықталды. Бастапқыда ешкім жоқ деп жанжал шығарған мейрамхана әкімшісінің пікірі бірден өзгерді.

Шум:

– Ағай, кешіріңізші, өтінемін!

–  Жақсы, әне жерде бір кабинада отырса мейлі.

– Қонақтарға, тіпті орыстарға түсіндіріп айтып жатырмын, өтінемін, қайтыңдаршы, ұрсады деп. Олар тамақ ішіп алайықшы  деп отыр,  караоке қосылмаған.  

–  Айналайын, қанша рет айтамын, уақыт қанша болды? Қарасай!

– Кешіріңізші, енді қайталанбайды. Мен сізге сөз беремін, ағай!

Ағайтайлап қанша араша сұраса да, Тараз әкімі орынбасарының қаһары қатты. Аталған мекемеге хаттама толтырылды. Бұдан өзге, билік бұйрығын пысқырмаған тағы бірнеше демалыс орны жасырын жұмыс істеген. Олардың да ісі сотқа жолданды. Полицейлер талапқа бағынбағандардың жазасы да қатал болатынын айтуда.

«Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін, 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамаққа алу көзделген. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде, билік өкілінің заңды талабына бағынбағыны үшін Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік белгіленген. 2000 АЕК көлемінде айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», – деді  Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек  ОРАЗЫМБЕТОВ.

Кешкі, түнгі рейд барысында құзырлылар алғашқы күндері облыстың 450-ден аса мекемесін тексерген. Олардың 176-ы енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан өз жұмысын жалғастырғаны анықталған.  Құзырлылар алдағы күндері де тексерістің жиі болатынын айтуда. Ол үшін бүгінде 133 полиция қызметкерлерінен құрылған 28 мобильді топ жұмыс жасауда.

Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов

«Алматы»  телеарнасы,  Жамбыл облысынан

Новости партнеров