Таразда учаскелік полиция қызметкері бір отбасын өлімнен арашалап қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тәртіп сақшысының оқиға орнына жедел жетуіне мектеп мұғалімі себепкер болыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда учаскелік полиция қызметкері бір отбасын өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшысының оқиға орнына жедел жетуіне мектеп мұғалімі себепкер болыпты. Олар табиғи газға уланған 5 адамды үйінен аман алып шыққан. Оқушысының сабаққа келмегеніне алаңдаған ұстаз баланың ата-анасына қоңырау шалып, байланыса алмаған. Содан инспекторды ертіп, тұрғылықты мекен-жайына барыпты. 22 жастағы тәртіп сақшысы есікті қаққан, алайда жауап болмағасын, қоршаудан секіріп, өлім аузында жатқан адамдарды құтқаруға кірісіпті.      

«Интуиция болды ау деймін, өйткені есік алдында жарық сөндірілмеген 2 көлік тұрды. Көршілерден  рұқсат сұрап, сол кісілердің үйінен секіріп түссек, терезенің алдында бала жатыр екен ес түссіз. Терезені ашып, газды сөндіріп, баланы сыртқа шығардық.  Іштегі адамның барлығын тез арада қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медециналық көмек көрсеттік», – деді учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермеков.

«Құлап қалдым, кейін газдан иістеніп қалғанымды білдім.Бірақ оны газдан деп ойлаған жоқпын. Инсульт деп ойладым. Тұрып барып, келіншегіме айттым», – деді қала тұрғыны Бақытжан Байжанов.

Уланған отбасы мүшелері қазір ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олар дер кезінде құтқарылған.

«2 кісі газбен уланып хәлдері төмен болғаннан кейін жатқызылды. Дәл қазіргі жағдайы дұрысталды. Толығыменен организм тазартылды. Ертең үйге шығуға дайындалып жатыр», – деді  №1 қалалық көпбейінді аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі Жұмабай Жайбанов.

Новости партнеров