Алматыда кәсіпкер әйел Қытайдан 3024 ПТР тесттін алып келді. Коронавирусты анықтайтын сынамаларды кімдер тегін пайдалана алады? Ал, оларды қабылдап алған ұлттық сараптама орталығы енді не үшін демеуші іздейді? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай игі шараның куәгері болып қайтты.
Әйгерім Исмағамбетова төтенше жағдай кезінде де орталыққа 160 мың дана маска табыстаған. Бетперделердің барлығы да қала тұрғындарына тегін таратылыпты. Ал енді араға бірнеше ай салып, кәсіпкер аспан асты елінен ПТР сынамаларын сатып әкелді. Сауапты ісі үшін жылы жүректі жомарт жан алғыс хатпен марапатталды.
Сынамалар жеткізілуге дайын тұрса да, екі ел арасындағы кеденнен өту барысында үлкен қиындықтар туындаған. Елге жеткізу, тарату мәселесімен денсауық министрлігіне хат жолдап, көмек сұрапты. "Рахым" әлеуметтік қорының қолдауымен межелі жерге жеткен сынамаларды енді Медеу ауданындағы тұрмысы төмен тұрғындар тегін тапсыра алады. Қиын-қыстау заманда мұқтаж жандарға көмектесуден тартынбау керек дейді кәсіпкер.
«Менің ойымша, бір-бірімізге жәрдемдесуіміз қажет. Елімізде осындай пандемия жағдайында мүмкіндік бола тұра шетте қалу дұрыс емес деп ойлаймын. Жақсылық жасаған күннің өзінде де, шын ниетпен жасау керек», – деді Кәсіпкер Әйгерім Исмағамбетова.
Орталыққа табысталған реагенттерді толыққанды пайдалану үшін қосалқы құрылғылар сатып алынуы тиіс. Мекеме мамандары енді қосымша медикаменттерге қол жеткізу үшін демеушілер іздейді. Яғни, Қытайдан әкелінген реагент санына сай 3024 жинақтаушы құрал-жабдыққа қаражат керек.
«62 мың долларға келген ол реагент. Енді 3024 адамға бұл тест жасалынуы үшін, тағы да комплектующиелары, қосымша материалдары бар. Енді ол бұндай ақша емес, ол азырақ ақша болады. Қазір біз демеуші іздеп жатырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық бақылау бөлімінің мүшесі Аида Букаева.
"Рахым" қайырымдылық қоры мамандарының айтуынша елдегі тапшы медициналық құралдарды шетелден сатып алуға ниетті жандар қатары баршылық. Алайда, оларды шекарадан өткізу мәселесі өзекті болып тұр. Осы орайда ұйым өкілдері мемлекет басшылығынан тасымалдау мәселесін жеңілдетуді сұрайды.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы