Нұр-Сұлтан қаласының Күйші Дина көшесіндегі тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, кірпіштері құлап жатыр. Телеарнамызға шағымданған тұрғындардың айтуынша, пәтер иелері кооперативі ешқандай шара қолданбай отыр. Қыстың көзі қырауда, жылу жүйелерінде ақаулар шықса да, төрағасы мәселеге жүрдім-бардым қараған. Түйткілдің мән-жайы туралы елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатсын.
Күйші Дина 30/1 үйдің тұрғындары пәтер иелері кооперативі жұмысқа салғырт қарайды деп өкпелі. Мәселен, кіреберіс іші мұздай. Салдарынан қабырғадағы әктер түсіп, пәтерлері салқындай бастаған. Себебі өткен қыста подъездегі жылу батареялары қатып қалып, ПИК биыл орнына мынадай құбырлар орната салған. Ал оның жылуы жеткіліксіз. Кооператив төрағасы бізбен кездеспек түгілі сөйлесуден қашады дейді.
«Егер суық болса құрып берем деп, өзі айтқан алдында. Енді құрып бермек түгілі өзі қашқақтап сөйлеспейді де кісімен. Кеше әкімдіктен келгенде, міне, сөйлесіңіз деп еді. Сөйлесейін деп едім, «мені жіберіңіз» деп қашты да кетті. Сөйлесу жоқ. Дала не, подъезд не, сұп-суық. Жанындағы іргедегі үйлерде де ертең қабырғасы түседі. Бір жағы суық, бір жағы ыстықтан. Ремонтымыз бүлінеді», – деді қала тұрғыны Сағат Сұлтанов.
Біз де пәтер иелері кооператив төрағасымен сұхбаттаспақ болдық. Алайда кездесуден бас тартты. Тек телефон арқылы былай деді.
«Комментарий бере алмаймын. Жұмыс жасап жатырмыз ғой. Кеше әкімдік болды ғой. Бұл 1-2 күн бұрын ғана болған мәселе. Тұрғындардың өткен жылдан бергі туындаған проблема дегені жалған сөз», – деді Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Бауыржан.
Мұнымен қоса үйдің қабырғалары қақырап, кірпіштері құлап жатыр екен. Осы үйдің тұрғыны Руслан Ахметов басына кірпіш құлап кете жаздағынын айтады.
«Өткен жылы мен өтіп келе жатқанда, дәл жаныма кірпіш құлады. Құдай сақтап қалды. Бұл мәселені шешу керек қой. Пәтер иелері кооперативінің төрағасына айтып ем, ақыры ештеңе істемеді. Келесі жолы баланың басына құласа ше?» – деді қала тұрғыны Руслан Ахметов.
Үйге кіреберістегі мына қалқан да құлардың аз-ақ алдында тұр. Қабырғалары шытынап, тіпті арғы жағынан дала көрінеді. Тұрғындар бір күні опырылып ортасына түсіп опат боламыз ба деп қорқамыз дейді.
Әкімдіктегілер қазір ПИК-тердің жұмысын тексеруге мораторий жарияланғандықтан, қолымыз байлаулы деп отыр. Ал, тұрғындарға басқа Пәтер иелері кооперативін сайлауға кеңес берді. Өз кезегінде ай сайын тұрақты ақшасын төлеп тұрамыз деген тұрғындар кемшілігін жоймай, қазіргі төрағаны оңайлықпен жібере салмайтынын айтты.