Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйден шыққан өрттен зардап шегушілердің 7-і үйге шығарылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алдын ала болжам бойынша қызыл жалыңға газ қосындысының тұтануы себеп болуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр. Бүгін ақ халаттылар олардың денсаулығын осылай бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше ауруханаға жеткізілген 12 адамның 7-і бірден үйіне жіберілген болатын. Қалғандары №1 көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр.

«12 ақпан күні, яғни кеше жедел жәрдем қызметі өрттен зардап шеккен 6 адамды біздің ауруханаға алып келді. Олардың 4-і күйіп қалып комбустиология, ал көк түтінмен уланған бір науқас токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Біреуі үйіне жіберілді. Амбулаторлық ем қабылдайтын болады. Комбустиология бөлімшесіне қабылданған 4 адамның біреуі ауыр халде болғандықтан, жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Бүгін беті бері қарады. Қалғандарының жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Қазір науқастардың барлығы толыққанды ем қабылдап жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы №1 көпбейінді ауруханасы комбустиология бөлімшесінің меңгерушісі Павел КУТНЯКОВ.


Айта кетейік, кеше түс ауа елордадағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтер отқа оранған болатын. Салдарынан 12 адам зардап шегіп, бір адам оқиға орнында көз жұмды. Тілсіз жаудың аумағы 45 шаршы метрді құрады. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалыңға газ қосындысының тұтануы себеп болуы мүмкін.


Новости партнеров