Тараздағы жарылыс: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

22.09.2023 00:11

Жамбыл облысында №44 мектептегі жарылыс өртке ұласқан еді

Almaty.tv

Таразда жөндеу жүріп жатқан мектептегі жарылыстан жапа шеккен 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал ыстан уланған тағы екі адам терапия төсегіне таңылса, енді бірі күйік бөлімінде ем алып жатыр. Қалғандары жеңіл жарақатпен үйіне жіберілген. Жалпы саны 7 адам зардап шеккен.

– Қабырғалары, омыртқасы және бір аяғы сынған. Сондықтан оны жылжытып, Астанаға ұшақпен апаруға болмайды. Арнайы мамандар келіп, ота жасайды, – деді Тараз қалалық №1 аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.

Өрт оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жарылыстың нақты неден болғаны анықталып жатыр. Ал жапа шеккендердің жақындары «әкімдік мерзімінен кешіккен мектепті тезірек тапсырғысы келіп, жұмысшыларды асықтырғандықтан осы оқиғаға тап болдық» деп отыр.

– Түнгі уақытта жұмыс істегені дұрыс емес. Жұмыс күндізгі уақытта жүргізілуі тиіс. Әкімдік медігерден жөндеу жұмысын аяқтауды талап еткен шығар, – деді науқастың анасы Сәлима Нарымбетова

Еске сала кетейік, Жамбыл облысының орталығындағы №44 мектептегі кабинеттердің бірінде жарылыс болып, арты өртке ұласқан. Қызыл жалыннан қашпақ болған қос құрылысшы терезеден секіріп кеткен.

Оқи отырыңыз: «Жедел ден қою шарасы»: елімізде құрылыс сапасына бақылау күшейтіледі