Тіпті қалаға жап-жақын орналасқан елдімекендердің елі де шаһарға кіре алмайды
22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласына бекеттер қойылып, көліктің кез келген түрімен кіріп-шығуға тыйым салынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нұр-Сұлтанда да карантин күшіне еніп, қалаға кіретін қақпалар жабылып, азаматтарға көлік қозғалысының тәртібі таңнан бері түсіндіріліп жатыр. Себебі 22 наурыздан бастап, мұнда да бекеттер қойылады. Тіпті қалаға жап-жақын орналасқан елдімекендердің елі де шаһарға кіре алмайды.
Қалада қарбалас жоқ. У-шу басылған. Көліктер нөпірі де сиреп қалды. Автобустар да аз. Ірі сауда орталықтар жұмысын тоқтатқан. Тұрғындар тәртіпке бағынып, түзге шықпауды түбегейлі шешкен секілді. Ал, қала қақпасындағы қадағалау бекеттерінде таң пердесі түріле тыным болған жоқ. Нұр-Сұлтанның жан-жағына орналасқан 6 бекеттен біреулер ары, кейбіреулердің бері өтуі үшін кептеліс кедергі болғаны да бар. Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы сондай-ақ Жібек-Жолы сияқты елдімекендері мен Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолы учаскесіне көлденеңнен көкбетон қойып, әрлі-берлі ағылған көліктің барлығын тоқтатып, тіркеп алды.
Блиц:
– Қиындап кетеді, әрине. Бірақ осындай жағдай болған соң бәріне де көнеміз. Дұрыс, бүкіл әлемде осындай болып жатқан соң бұл дұрыс.
– Біздің жақта жалғыз Қошқарбаев емес, 7-8 ауыл бар. Қатынау қиындайды. Өзіміз андай-мындай алайық деп Қосшыға бара жатырмыз.
– Қабанбайдың 80-90 пайызы бәрі қалада жұмыс істейді. Жұмыссыз қалып жатырмыз.
22 наурыздан бастап қалаға кіріп-шығуға толық шектеу қойылады. Тек жасыл дәліз арқылы азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін көліктер ғана бекеттен өте алады.
«Арнайы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір Үкіметтің комисияссы жұмысын атқарып жатыр. Сол комиссияның шешімі бар. Сол протоколға байланысты 22 наурыз сағат 00-ден бастап түнгі шектеу қойылады. Жалпы біздің қалаға кіру де, шығу да тиым салынады. Сондықтан бұны түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын», – деді қала әкімінің орынбасары Бахтияр МӘКЕН.
Айта кетейік, екі қалада карантиннің енгізілуі коронавирус инфекциясын үзіп елдің қауіпсіздігін қатаң сақтау. Сондықтан қала басшылығы барша жұртқа түсіністікпен қарап, сабырлық танытуға шақырды.