Алдымен халықты тікұшаққа оқ атып, дезинфектор мамандарды ұруға шақырса, кейін бұнысын басқалай түсіндіріп, ақталады. Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов кеше көпшілікті дүрліктірген видео жариялаған еді. Құқық қорғаушылар болса бұл жағдайға байланысты пікір білдірді. Жалпы, мұндай келеңсіз әрекет үшін, заң бойынша қылмыстық жаза қарастырылған. Ал танымал файтердің тағдыры қалай шешілді? Оны Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбектен білейік.
Спортшы «халықты улап жатқан» дезинфекция жасайтындарды таяққа жығып, тікұшақтарға оқ атуға шақырады. Бұл ретте, еске салу керек, биліктің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға қатысты күш қолдануға үгіттеп, халықты арандатқан азаматтар үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Азамат Хамитовтың іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-тармағы бойынша саралануда. Қазіргі таңда Алматы қаласының полиция департаменті тергеу басқармасында қылмыстық іс-қозғалып тергелу үстінде. Азамат Хамитов сұраққа алынды. Барлық тергеу амалдары жүргізіліп болғаннан кейін қылмыстық іс аясында нәтижелі шешім шығарылады», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Істің насырға шапқанын түсінсе керек, атақты спортшы әдепсіз қылығы үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Ол жүктеген видеоның қалжың ретінде түсірлгенін айтып ақталды.
«Дезинфекция туралы видеоға қатысты қалжың ретінде түсірлген видео болатын. Ешкімді көтеріліске шақырмаймын. Мұндай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді спортшы Қуат Хамитов.
Ал, Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз қазақстандық спортшының әлеуметтік желіде таратқан бейнеүндеуіне былай деп пікір білдірді. Сөзінше бұл - қылмыс. Оны жасаған адам міндетті түрде жазаға тартылуы тиіс.
«Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл тікелей заңбұзушылық және бұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек мемлекеттік органдардың ресми дереккөзіне сенуге шақырады», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Спортшының қылмыстық іске ілікпегені туралы әзірше ресми ақпарат жоқ. Бірақ Қуат Хамиттің бостандыққа шыққаны белгілі. Бұл уақытша шара ма, әлде жұдырықтасу шебері біржолата кешірілді ме, әлі белгісіз.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы