Оқиғадан соң улы дәрі сататын барлық орындарда тексеру жұмыстары жүргізілуде
67 жастағы зейнеткер мен оның 31 жастағы ұлы ауруханаға 1 желтоқсан күні түскен еді. Олар алғаш қабылданған кезде қан қысымы көтерілген, тыныс алулары қиындаған жағдайда болды. Толықтай тексерістен өткен соң қос науқастың да жәндіктерді өлтіретін дәріден уланғаны анықталып, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жан-жақты көмектің көрсетілгеніне қармастан, ішкі құрылысы күйіп қалған баласы 12 желтоқсан күні қайтыс болса, әйелдің өзі 18 желтоқсан күні комада жатқан жерінен көз жұмды. Уланудың себебіне келсек, дәрігерлер тарақан дәрісін қолданар алдында қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталмаған деп отыр. Дәл қазір улы дәрі сататын барлық орындарда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Алматының сапаны бақылау басқармасы жүргізген мониторинг бойынша анасы мен баласы «Палач» деп аталатын улы дәріні қолданған. Барлық дүкендерге қауіпті деп танылған улы дәрілерді сатылымнан алып тастау туралы ескерту жіберілді. Дәл қазір Алматы қаласындағы дүкендерде улы дәрілердің құрамын тексеру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр», - деп хабарлайды Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.