Ылғалдың белгіленген мөлшерден көбеюі оның өздігінен жануына түрткі болады
Аммиак селитрасын ұзақ уақыт дұрыс сақтамау және оны тасымалдауда жіберген қателіктер Бейруттағы жарылысқа себеп болуы мүмкін. Мұндай пікірді техникалық ғылымдар кандидаты Тоты Санатова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшының сөзінше, жарылғыш затты өте ұқыптылықпен сақтау қажет. Өйткені ол бір орында ұзақ уақыт тұрып, өздігінен де жарылу қаупі бар. Аммиак сақталатын нысан іші таза, ал ондағы ылғал 0,4 пайыздан кем болуы керек. Ал ылғалдың белгіленген мөлшерден көбеюі оның өздігінен жануына түрткі болады.
«Сізде мысалы жанғыш құрал бар делік, бірақ егер оған отты әкелмесеңіз, ол жанбайды. Сол сияқты аммиак селитрасында қарастыруға болады. Ол оталдырғыш болмаса, жана алмайды. Бірақ біздің жағдайда, аммиак қапталған қап ұзақ уақыт тұрғандықтан, ол өздігінен жанып кетуі мүмкін. Дәл осы оқиғада жарылыс сыртқы қабынан басталған деген болжам бар. Өйткені аммиак сіңген қап жанғыш келеді», – деді Ғ. Дәукеев атындағы алматы энергетика және байланыс университетінің зертхана меңгерушісі Тотты Санатова.