Кадрлық ауыс-түйіс: Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың жаңа басшысы жайлы не білеміз

16.04.2020 00:21

Бұрын осы аурухананың басшысы болған

tengrinews.kz

Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматы қаласы Орталық клиникалық ауруханасындағы кадрлық ауыс-түйіс туралы баспасөз брифингінде айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар басқарма басшысы аталған аурухананың 182 медициналық қызметкері СOVID-19 дертіне шалдыққанын жеткізді. Қазіргі таңда емделушілерден сынама алынған. Ал, бас дәрігердің орнына келген маман көп жылдан бері медицина саласында басшылық қызмет атқарып келеді.

«Кеше 14 сәуірде Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды. Медициналық ұйым басшысының міндеттерін бүгінгі күні Марат Абдуллаев атқарады. Бұл азамат 28 жылдан бері денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтерде ұйымдастырушылық қабілетін әбден жетілдірген азамат. Бұрынғы жылдары да осы аурухананың басшысы болатын. Қазіргі кезде осы аурухананың бір орталығының басшысы», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Қаланың стационарларында короновирустан Алматы облысынан келген пациентті есепке алғанда 311 адам ем қабылдап жатыр. 58 науқас сауығып ауруханадан шығарылған. Оның ішінде 56 ересек адам мен 2 бала бар. Ал, 253 вирус жұқтырғандардың жағдайы қанағаттанарлық. 3 науқастың жағдайы ауыр болса, 55-інің жағдайы орташа ауыр. Үй карантинінде 7097 адам бар. Кеңсемнен шықпай жүрмін деген басқарма басшысы не себептен 14 күнге оқшаулануға шешім қабылдағанын да түсіндірді.

«Мен 6 күн бұрын Орталық клиникалық ауруханаға бір науқасты қарауға барған болатынмын. Әлеуетті байланыста болған адам болып табыламын. Сондықтан әріптестерім қауіп-қатерге ұшырымас үшін өзімді оқшаулауды жөн көрдім. Менде өз әріптестеріммен бірге карантинге алынғаннан бастап үш рет талдаулар өткіздім. Барлығының нәтижесі теріс», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.