Оқиға орнында 800-ге тарта құтқарушы, 120-ға жуық техника мен 51 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеді
Алматы маңында жолаушы ұшағы апатқа ұшырады. Нұр-Сұлтанға бет алған Bek air әуе кемесі Гүлдала елді мекеніне құлаған. Бортта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшелері болыпты. Апат салдарынан қаза тапқандардың саны 12 адам. Бұл ақпарат ресми дерек көздерінің мәліметі. Олардың қатарында командир де бар. Ал, тірі қалғандарын жақын маңдағы ауруханаға жеткізді. Құтқару жұмыстары бірнеше сағатқа созылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңғы сағат 7:30. Гүлдала ауылының тұрғындары әдеттегідей таңғы астарын ішіп, жұмыстарына аттанып жатқан мезгіл еді. Кенеттен шыққан қатты дыбыс сол маңдағы елді аяғынан тік тұрғызды. Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшуы тиіс болған, бірақ көкке көтеріле алмай әуежайға жақын маңдағы үйлердің біріне соғылып тоқтаған. Арада санаулы минуттар өткен соң ғана маңайға жедел-жәрдем мен құтқарушы мамандар жинала бастаған.
Бұл кадрларды оқиға орнына алғаш жеткен адамдар түсірген. Әуе кемесінің шашылып жатқан бөлшектерін көріп, жан түршігеді. Видеода құтқарушылар ұшақтың сынған темірлерін көтеріп, астында қалған адамдарды шығарып жатыр.
Құзырлы орган қызметкерлеріне апатқа ұшыраған адамдарды алып шығуға қарапайым халық та көмектесіп жатыр. Шұғыл жеткен жедел жәрдем көліктерімен зардап шеккендерді дереу жақын маңдағы ауруханаларға алып кетті. Ал, апаттан ресми мәлімет бойынша 12 адам опат болды. Оның біреуі – ұшақ командирі.
Апат болған маңайдағы елдің айтуынша, барлығы қас қағым сәтте орын алған. Тіпті жарылыстың дыбысы да естілмеген. Ал, ұшақтың қоршауға келіп қалай соғылғанын кейбірі үйлерінің терезесінен көріп қалған.
«Бұрылып қарадым. Ұшақ келді. Бір емес, екі рет. «Бұған не болды?», - деп қарап . Сөйтсем, ұшақ жарылған екен ғой», - деді куәгерлердің бірі.
«Құлаған дыбысын естідім. Бірақ тұрғаным жоқ. Қызымның жанында жатыр едім. Не болғанын түсінбедім бірақ», - деді енді бірі.
«Ұзаққа созылған гуілді естідім. Әдеттегіден өзгеше болды», - деді тағы бір куәгер.
Ал, апат болған жерге құзырлылар тілшілерді жақындатқан жоқ. Бірнеше КАМАЗ-бен келген Ұлттық ұлан сарбаздары маңайды айнала қоршап алды. Журналистер тікелей хабарды 300 метр қашықтықта тұрып таратты. Көргеніміз әуе кемесінің алдыңғы және артқы бөлігі жұлынып қалған.
Bek air әуе компаниясына тиесілі Фокер 100 ұшағы Гүлдала елдімекеннің іргесіне құлаған. Бетон қоршауды бұзып барып, екі қабатты үйге соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, үйдің екінші қабаты опырылып түскен. Абырой болғанда бұл үйде ешкім тұрмайтын болып шықты. Сонымен қатар, апат кезінде ұшақ жарылмаған. От тұтанбаған. Соның арқасында біраз адам тірі қалған болуы керек.
Құтқару жұмыстары бірнеше сағатқа созылды. Оқиға орнына Алматы қаласы мен облыстың барлық жедел қызмет мамандары келген. Атап айтсақ, 800-ге тарта құтқарушылар, 120-ға жуық техника мен 51 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Төтеншеліктердің жұмысы бір минутқа да тоқтамады. Ал, қалың елдің қабырғасын қайыстырған апатта қаза болғандардың отбасына мұқым ел көңіл айтып жатыр.
Өмір Әнуарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы