Алматы облысында жедел-жәрдем шақыртқан ер адам фельдшерді ұрып-соғып, қолын сындырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бригаданы Райымбек ауылында тұратын ерлі-зайыптылар шақырған. Дәрігер әйел адамнан қан кетіп жатқанын байқап, науқасты бірден ауруханаға жеткізу үшін көлікке отырғызыпты. Ал, жедел-жәрдем көлігі ішінде науқастың күйеуі фельдшерге дөрекі сөйлеп, ішімдік ішпекші болған. Дәрігердің ескертуіне қатты ашуға булығып, бірден жұдырық ала жөнелген. Нәтижесінде медицина қызметкерінің қолы сынып, түрлі дене жарақатын алған. Жәбір көрген дәрігер шақыртуға уақытылы келдік дейді.
«Күйеуі маған шабуыл жасады. Ұрды, тепті, мен нақты білмеймін қайсысы ұрғанын, тепкенін, қолыма тиді. Ол ер кісі жүргізушіге де шабуыл жасады», – деді фельдшер Ислам Қуандықов.
Ал, облыстық полиция департаменті фельдшерге шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Шабуыл жасаушы Райымбек ауылының 35 жастағы тұрғыны. Тергеу нәтижесінде ер адамның мас күйде болғаны анықталды.
«Қазіргі уақытта күдікті анықталып, жауап алынды. Ол Райымбек ауылының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Медициналық сараптама оның орта дәрежедегі масаң күйде болғанын көрсетті. Сонымен қатар, жәбірленуші Қарасай аудандық полиция басқармасына арыз берген. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 107-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.