Қапшағайға батып кеткен 4 адамға қатысты жаңа деректер пайда болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Сүңгуірлер марқұмдардың денелерін 3 сағат іздеп, 5 метр тереңдіктен әрең тапқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қапшағай су қоймасында батып кеткен 4 адамға қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдан барған демалушылар құтқарушылардың көзіне түспей, тыйым салынған аймақта шомылыпты. Осы орайда жергілікті төтеншеліктер өлім-жітімнің көбеюін маман тапшылығы және келушілердің салғырттығы себеп дейді. Себебі демалыс күндері жағалауға 5 мыңнан астам адам келсе, олардың қауіпсіздігін небәрі 20 шақты адам ғана қамтамасыз етеді екен.

Қайғылы жағдай кеше түскі сағат 12:00 «Голубой залив» аймағында болған. Құтқарушылардың айтуынша, демалушылар күннің желді болғанына қарамастан тыйым салынған жерде шомылған. Салдарынан бір-бірін құтқармақшы болған 1 үйдің кәмелетке толмаған 2 баласы мен 30 жас шамасындағы ағасы және әпкесі көз жұмды. Сүңгуірлер марқұмдардың денелерін 3 сағат іздеп, 5 метр тереңдіктен әрең тапқан.  

«Жалпы 6 адам болған дейді. Қалған 2 адамды демалушылар шығарып алған. Одан кейін сүңгуірлер шақырып біраздан соң 2 баланы алып шықтық. Жедел-жәрдем, ТЖҚ бар бәріміз қосылып, сол адамдарға тапсырдық», – деді Қонаев қаласы жедел құтқару бөлімшесінің қызметкері Қанат Қалиев.

Қапшағай жағалауында жұмыс күндері 2 құтқарушы қызмет етсе, демалыс күндері 6 адам бақылайды. Алайда бұл аздық етеді дейді мамандар. Себебі бұл салаға келетіндердің көпшілігі шыдамайды екен. Оған басты себеп – жалақының аздығы мен жұмыстың ауырлығы.

«Қонаев су қоймасының көлемі үлкен. Шынын айтқанда бізге штат, жұмысшы жетіспейді. Бұл жерді толықтай қамтамасыз ете алмаймыз. Әріптестеріміз жұмысқа кірсе де, шығып жатқаны да жетерлік. Әсіресе жазғы уақытта жұмысымыз күрделене түседі. Сол себептен алдағы уақытта бәрі жақсы болады деп ойлаймыз», – деді Қонаев қаласы жедел құтқару бөлімшесінің қызметкері Дархан Айдархан.

Мамандардың айтуынша, Қонаевта күн сайын 15 демалушы құтқарылады. Олардың басым бөлігі – балалар. Көпшілігі аты-жөндерін айтпағандықтан статистикаға тіркелмейді екен. Биылдың өзінде 6 адам суға батып кеткен. Айта кетейік, мұнда шомылуға арналған 7 жағажай бар. Сондықтан Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті суға түсуге рұқсат етілген арнайы орындарда шомылуға және жүзе алмаған жағдайда тереңге бармауды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров