Қостанай облысында орман өртіне байланысты алғашқы сот отырысы басталды

03.05.2023 в 00:25

Өткен жылы қыркүйекте 43 мың гектарға жуық орман алқабы өрттеніп кеткен еді

Қостанай облысында болған алапат орман өртіне байланысты алғашқы сот отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Басаман орман шаруашылығы мекемесінің» бұрынғы басшысы Асхат Жақашов ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану фактісі бойынша айыпталып отыр. Осылайша, оған «мемлекетке және азаматтарға 22 млрд теңгеден астам шығын» келтірді деген кінә тағылып отыр. Айыптаушы тараптың айтуынша, мекеменің эксбасшысы жеке кәсіпкерлерден 15 млн теңгеге жуық ақша алып, өрт қаупі кезеңінде рұқсатсыз ағаш дайындауға жол берген. Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында 43 мың гектарға жуық орман алқабын тілсіз жау жалмаған еді. Салдарынан 1 адам мерт болып, 100-ге жуық тұрғын үй жанып кеткен.

«2 мамырда Қостанай қаласының №2 сотына лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану нәтижесінде елеулі зиян келтірді деп күдіктелген «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ басшысы Ж.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы басталды», – деді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің жетекшісі Зәуре Едікова.