Астанадағы қайғылы оқиға: анасының жұмысқа шыққанына үш күн болған

Астанадағы қайғылы оқиға: анасының жұмысқа шыққанына үш күн болған
Өрт салдарынан ажал құшқан бір үйдің 5 баласы ертең жерленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,

Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.

Жер бетінен жайлы орын таба алмай,

Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!..

Астанада болған өртте тірідей жанып кеткен балалардың қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Әлеуметтік желілерде бір отбасының қазасына осындай өлең жолдарын арнап, қайғыра көңіл айтып жатқан елде есеп жоқ. Өткен түнде Астанада үй өртеніп, ішіндегі бес бала жанып кетті. Ал туыстары ата-анасы түн жарымда күнкөрістің қамы үшін жұмысқа кетті деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанада бүгін түнде қайғылы жағдай орын алды. Бір үйдің бес бірдей қызы қызыл жалын алған баспанада көк түтінге уланып, көз жұмды. Алды 12 жаста болса, ең кенжесі 9 айлық шақалақ.

Өрт дәл осы кішігірім ғана салынған уақытша орынжайдан шыққан. Үйдің тек күлін ғана көруге болады. Ағаш арқалықтар, баспананың қаптамасы, жиһаз түгел өртеніп кеткен. Тек сәбидің төсегінің жартысы, жан-жақта балалардың киім-кешектері мен жаялықтары, жұмсақ ойыншықтары жатыр. Мұндай картинаны көзбен көрудің өзі ауыр. Бұл орынжайда отбасы төрт жыл бойы тұрып келіпті. Дәл осы маңайда осындай тағы екі үй-жай бар. Онда мерт болған бүлдіршіндердің туыстары тұрады. Жалғыз қалған балаларға сағат сайын қарайлап отырған да дәл осы жақындары екен.

«Олар үйге бірнеше мәрте кіріп, балаларды қарап тексеріп отырған. Сағат түнгі 10-да, 11-де, соңғы рет 2-ге 5 минут қалғанда барған. Қыздар тыныш ұйықтап жатқан. Бәрі ойдағыдай болған», – дейді туысы Мәміле АЙТЫМОВА.

Алайда, шамамен жарты сағаттан соң уақытша орынжайда өрт тұтанып, лезде бүкіл аумақ отқа оранған. Тілсіз жау 30 шаршы метр жерді әп-сәтте жоқ қылған. Оны байқаған көршілері 101 қызметіне сағат түнгі 2:34-те хабарлайды. Оқиға орнына жеті минутта жеткен құтқарушылар өртті ауыздықтап, бес қыз баланың мүрдесін шығарады.

«Олар: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған балалар. Барлығы бір отбасының балалары болып отыр. Ата-аналары ол кезде үйде болмаған, жұмыста болған. Өрт сөндіруге жалпы 15 адам және төрт техника бірлігі жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрт орнында өрт сөндіру зертханасы қызметі жұмыс істеп жатыр», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Аягөз ФАЗЫЛОВА.

Бүгінде жалынның неден тұтанғаны белгісіз. Алдын ала болжам бойынша өртке электроқұрал немесе пеш түрткі болуы мүмкін. Бүлдіршіндердің ауыр қазасын туыстары ғана емес, Қазақстан халқы ауыр қабылдады.

«Ұйықтап жатқанбыз. Шыға қалсақ, өрт болып жатыр екен. Мына жақтың бәрін жауып тастаған. Жедел жәрдем, өр сөндіру техникалары, бәрі тұр. Қаптап кеткен. Қарасақ, көршіміздің бес қызы түтінге тұншығып қайтыс болған екен... Кішкентай қыздарына қарап, ойнатып жүретін, бір-бірімен өте тату тұратын. Шыға қалса, бәрі «Аға, сәлеметсіз бе» деп жүретін», – дейді көршісі Рахым АСАНБАЕВ.

Төтенше жағдай орын алғанда ата-анасының екеуі де жұмыста болған. Әкесі көлік жөндеу орталығында механик. Ал анасының пластмасса ыдыс шығаратын зауытқа орналасқанына бірнеше күн ғана болған. Олар күнкөрістің қамы үшін түн жарымында балаларын үйде қалдырып кетуге мәжбүр болған.

«Жағдайы жоқ болғаннан кейін шешесінің жұмысқа шыққанына үш күн болған. Сол балаларды тастап кеткеннен кейін осындай жағдай болып тұр. Қайғылы жағдай», – деді туысы Айгүл АБДУЛЛАЕВА.  

Қайғылы оқиғадан кейін Астана қаласының әкімі шұғыл жиын өткізіп, төтенше жағдайлар департаментін сынның астында қалдырды. Анықталғандай, былтыр төтеншеліктер шаһардағы 30 мың үйге тексеріс жүргізіпті. Олардың тең жартысына ескертулер берілген. Сол 15 мың үйдің ішінде бүгін түнде отқа оранған уақытша орынжай да болған. Үй қожайынына мамандар пешті бұрыс пайдаланғанын айтып, олқылықты жоюды бірнеше мәрте ескерткен-міс.

«Астана қаласының әкімдігінің атынан бұл отбасыға қайғырып, көңіл айтамыз және өз тарапымыздан барлық тиісті көмектерді береміз деп ақпарат айтқым келеді», – деп мәлімдеді Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА.

Астана қаласы Ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Қазір барлық қажетті сараптамалар тағайындалуда. Істің ақ-қарасы жіті тексерілетін болады.

Айта кетейік, өткен жылы елордада 600-ден астам өрт болып, 10 адам көз жұмған. Ал мерт болған бес бірдей қыз ертең, яғни бесінші ақпанда жер қойнына тапсырылады.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров