«Уәде орындалмады». Шенеуніктерге ренжулі атыраулықтар осылай шағым айтты. Олардың айтуынша, көршісінің үйінен шыққан өрттің кесірінен басқалары далада қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бала-шағасын ертіп, баспана жалдауға мәжбүр. Ал пәтердегі тоқтан ақау кетіп, тұруға жарамсыз болған үйді қалпына келтіріп береміз деп сөз берген жауаптылар жеме-жемге келгенде қол қусырып отыр деп наразы.
Бала-шағамызбен далада қалдық деген зейнеткер Зиба Әжіғалиева 2 аптадан бері түтіннің иісіне тұншығып, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз дейді.
Оның айтуынша, 5-қабатта тұратын көршісінің үйінен өрт шығып, салдары бәріне тиген. Енді амалсыз осылай өлместің күнін кешуге мәжбүрміз деп күйінеді ол. Әрі жергілікті әкімдіктен әлі күнге дейін қолдау да болмапты. Мәселені біле тұра, осы уақытқа дейін қол қусырып отырған шенеуніктер талабымызды орындасын дейді зейнеткер.
«Менің үйім бүлінді. Қазір балаларыммен жалдамалы үйде тұрып жатырмыз. Әкімдіктен келгендер тек үйдің жарығын қосып берді. Қалғаны өз қалпында тұр. Бүгін-ертең келіп жасап береміз деп уәде береді. Айтылған сөз орындалмады», – дейді қала тұрғыны Зиба Әжіғалиева.
«Бұл үйлер әлеуметтік осал топқа берілген. Өрттің шығу себебін нақты білмейміз. Қазір үйдің жағдайы нашар. Күлдің иісі сұмдық. Бәрін өзіміз жуып, тазалап жатырмыз. Үйдің тоқ көзін ауыстырып, жағдайымызды дұрыстап берсе дейміз», – дейді қала тұрғыны Салтанат Сүндетова.
Көп ұзамай бұқара базынасын тыңдауға жауаптылар да келді. Олардың айтуынша, қазір арнайы комиссия құрылыпты. Әрі өртенген подъездерді қалыпқа келтіру жұмысына демеушілерді тартып жатыр екен.
«Қазіргі уақытта үйді қалпына келтіру үшін жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюджеттен қаржы қаралмаған, бәрі демеушілер арқылы жасалып жатыр. Қазір қарап тағы анықтайтын боламыз», – деді қала әкімі аппараты ТЖ, әскери жұмылдыру және құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Талғат Хабибуллин.
Шаруаны қолға алатын демушілер табылғанша, тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ. Көпшілік талабымыз орындалмаса, өңір әкіміне дейін барамыз деп тарқасты.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді