|
05.06.2023 | 19:46
7125

Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді

Жауапты мекемелер бықсыған отты дер кезінде сөндіре алмай әлек

Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді Almaty.tv

Ақтөбеде қала шетіндегі қоқыс полигоны тағы өртеніп, жұрт көк түтінге тұншығып отыр. Жауапты мекемелер бықсыған отты дер кезінде сөндіре алмай әлек. Ал тұрғындар ыстың иісінен далаға шыға алмай, таза ауада демалудан қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоқыс полигоны соңғы екі айдың өзінде осымен жетінші рет өртке оранды. Әсіресе Батыс-2 шағынауданындағы жұрт соңғы 3 тәуліктен бері түтінге тұншығып отырғанын айтады. Желдің бағыты полигон жақтан болған күндері тіпті қиын дейді. Сондықтан олар мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр.

16 жыл бұрын ашылған бұл қоқыс полигоны 2028 жылға дейін жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда 42 гектар аумақ мерзімінен бұрын толып қалды. Ал 2015 жылдан бері жаз мезгілінде қайта-қайта өртеніп, тұрғындарға қолайсыздық тудырып келеді. Полигонды сенімгерлік басқаруға алған компания осындай олқылықтар үшін соңғы 2 жылда бір миллион теңге шамасында айыппұл төлеген.

«Озот және күкірт оксидінен көрсетілген нормадан асып тұрғаны анықталды. Бүгінгі таңда департамент тарапынан «Табыс Ақтөбе» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс тағайындалды.Тексеріс қорытындысына сай, кінәлі анықталған жағдайда заң бойынша жауапкершілікке тартылады», – деді Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Нұржан Қожанов.

Коқыстың бетін топырақпен көму жұмыстарына 30-ға жуық техника тартылған. Қазір олар аумағы гектар болатын өрт аумағын жауып жатыр. Мамандар қызыл жалынды басқаша тоқтату мүмкін емес дейді. Өйткені тілсіз жау ошағы 15-20 м тереңдікте. Қала басшылығы айдың соңына дейін полигон толықтай көмілетінін айтты. Ол үшін 219 миллион теңге бөлінген.

«2015 жылдан бері қайталанып келе жатқан жағдай. 60 см қалыңдықта жабылады. Сол себепті тұтану, жану мәселесі түпкілікті жойылады», – деді қала әкімінің орынбасары Айдос Хамиев.

Одан бөлек, жуық арада аумағы 12 гектар болатын тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылуы тиіс. Жауаптылар жаңа нысанда барлық талап ескеріледі деп сендіріп отыр.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир