Bek Air әуе компаниясы билеттердің ақшасын әлі қайтармаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Оларды билет сатып алған агенттік пен Bek Air әуе компаниясы бір-біріне сілтеуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осылай шағымданған қазақстандықтар жауапты ведомстволардан тұщымды жауап ала алмағандықтан, арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Айтуларынша, кәсіпорынның қолдау қызметі мен тикеттерді сатып алған онлайн ресурстарға, колл-орталықтарға хабарласса да, еш нәтиже шықпай отыр. Амалы қалмағандықтан, кейбірі өзге авиа тасымалдаушылардың рейстерін немесе пойыздардың қызметін пайдалануға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айдана Смағұлова өзінің ақшасын үш апта бойы қайтара алмай жүр. Айтуынша, билет сатып алған агенттік пен Bek Air әуе компаниясы бір-біріне сілтеуде екен. Бұған қоса, колл-орталықтардың телефондары жауап бермейді. Ал әлеуметтік желілердегі жағымсыз пікірлерді әуе тасымалдаушысы әдейілеп өшіретін көрінеді.

«Әлеуметтік желіде, телеарналдарда Bek Air билеттің құнын қайтаруда деп жатыр ғой. Мен айтар едім, ол ешқандай шындыққа сай келмейді. Себебі сол 27-желтоқсаннан 24 күн болды мен өзімнің билетімнің құнын қайтара алмай жүрмін. Билетті әуе агенттігі арқылы алғанмын. Bek Air-ге хабарласып едім, олар «әуе агентікке хабаралсыңыз, солар қайтарып бередіә деді. Ал, олар бізге бір тиын да қайтарған жоқ. «Компания ақша бермесе, сізге қалай қайтарамыз? Біз өзіміздің қызметіміз үшін төлеп қойғанбыз» дейді», - деді Айдана СМАҒҰЛОВА.

Дәп осындай мәселеге Лейла Бекесова да тап болған. 10-шы ақпан күні Алматыдан Атырауға ұшуы тиіс ол енді не істерін білмей дал.  

«Билетті 26 желтоқсан күні сатып алдым. 28 желтоқсаннан бері құнын қайтаруды сұрап келемін. Күту керек деген бастапқыда. Алайда қазір мүлдем жауап жоқ. Ұшу күні таяп қалды. Өздеріңіз білесіздер, екі-үш ай бұрын әдейі сатып аламыз. Оның өзінде ең арзаны 60 мың теңге. Себебі күнбе-күн алсаң, бағасы удай. Әсіресе, Алматы-Атырау бағыты қымбат. Қазір не істерімді білмеймін. Екі аптадай ғана қалып отыр», - дейді Лейла БЕКЕСОВА.

Ал Азаматтық авиация комитеті бұған қатысты қандай да бір ақпар бере алмады. Тек жұма күні осы орайда брифинг болатынын мәлімдеп отыр.

Bek Air әуе компаниясынан билет сатып алып, құнын қайтара алмағандар телеграмда арнайы чат ашқан. Мұнда 50-ден астам адам бар. Олардың бірі әуе компаниясының колл орталығы жауап берген хабарламасын салған. Онда кәсіпорын билет құнын қайтара алмайтынын, әуе компаняның шотында ақша жоқ деп жазған. Ал қаражат рейстер жаңартылғанда ғана болады делінген.

Ал Bek Air әуе компаниясына бөлек қылмыстық іс қозғалмаған. Тек ұшақ апатына байланысты тергеліп жатқаны мәлім болды. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысынан кейін кулуарда бас прокурордың орынбасары айтты.  

«Тергеу амалдары жүріп жатыр, 14 сараптама тағайындалды. Солардың барлығының қорытындысын алған соң, 300-дей адамнан жауап алынды. Нақты қалай болған, кім кінәлі, қандай кемшіліктер бар, сол жерде осындай нақты бір шешім қабылданады», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Айта кетейік, былтыр 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшпақ болған Bek Air әуе компаниясына тиесілі Фоккер 100 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Борта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам мерт болды. Оның біреуі – ұшақ командирі. Алдын ала болжам бойынша ұшақтың құлауына  әуе кемесінің үстіне мұздың қатып қалуы себеп болуы ықтимал.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан

Новости партнеров