Алматыда 28 панфиловшылар саябағында үш жасар бала оқыс жағдайда көз жұмды. Демалыс орнында алаңсыз ойнап отырған сәбиді ауыр жүк көтергіш басып кеткен. Тәртіп сақшылары мен жедел-жәрдем қызметкерлері дереу жеткенімен, кішкентай бүлдіршін оқиға орнында тіл тартпай кетті. Істің мән-жайын оқиға орнына барып келген тілшісі Almaty.tv Ұлағат Арғын айтып береді.
Оқиға шіркеу маңында болған. Жүк көтергіш ауыр көлік осы аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал 3 жасар бала болса көгершіндермен ойнап отырған.
Оқыс оқиға болған сәтте саябақтағы барлық дүңгіршектер уақытша жұмысын тоқтатқан. Тәртіп сақшылары мен инспекторлар және криминологтар жұмысын толық аяқтағанша дүкенді жабуымызды сұрады дейді сатушылар.
Оқиға болған жерден:
– Не болды, не болды деп айқалап жатқанда жедел-жәрдем келді де жауып тастады дүкендерімізді. Өзіміз де толық ештеңе көре алмадық. Далаға шығып кеттік, далада отырдық.
Алдын-ала мәліметтерге сәйкес, ауыр жүк көлігі жағдайдың қалай болғанын өзі де білмейді. Ер адам баланы мүлде байқамағанын айтыпты. Ал, мұнда қыдырып жүргендер, абаттандыру жұмыстары кезінде ешқандай қауіпсіздік белгілері мен арнайы қоршалған ленталар болмады дейді.
«Оқиғаны өз көзіммен көрген жоқпын. Осы саябақта балаларымды әкеліп қыдырып жүргем. Маған құрбыларым әлеуметтік желіден сұмдық жаңалықты оқып, хабарласты. Үлкен жүк көліктері жүргенін айтып абай болуымызды сұрады. Абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, арнайы белгілер қойылуы керек қой. Ондай ештеңе байқап тұрған жоқпыз», – деді қала тұрғыны Айгүл Есепбаева.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша арнайы техникада отырған 1970 жылғы азамат екені белгілі болды. Ауыр жүк көлігінің саябақ алаңына қандай мақсатта және қалай кіргені әзірге белгісіз.
«Бұл фактіні Медеу аудандық полиция Басқармасы ҚР ҚК-нің 104 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркегенін хабарлайды. Тергеу басталды», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Саябақтың қақ ортасында тәулік бойы қызмет ететін полиция пункті де бар. Әлеуметтік желіде ата-аналар аймақта қауіпсіздік шараларының сақталмағына ашулы. Оқиға бүгін түскі сағат 12.00 шамасында болған.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы