Жамбыл облысында таудан аққан су тасқынға айналып, Жасөркен ауылына жайылды. Бірнеше көшеге төнген қауіптен тіпті елдімекендегі білім ошағы да зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таудан аққан су Жасөркен ауылы тұрғындарының түн ұйқысын қашырды. Кешкі сағат 20:00-де тасыған сел елдімекенге еніп, тау етегіндегі 30 үйдің ауласын шайып кеткен. Ауылдағы орта мектептің де айналасы айдынға айналды. Жағдайға байланысты оқушылар онлайн оқуға көшірілді. Өңірде жедел штаб құрылып, Тараз бен Байзақ ауданының құтқарушылары көмекке келді. Тұрғындар да ағын судан ауылды аман алып қалудың қамына кіріскен.
– Техникалардың барлығы ауылдың, ауданның әкімі бар, бәрі – бір адамдай жұмылып, түнгі сағат 2:00-ге дейін суды жартылай түсірдік, – деді Жасөркен ауылының тұрғыны Қалатдин Бағысбаев.
Жылғалардан жиналып елдімекенге кірген қызыл судың биіктігі бірер сағатта 40 сантиметрден асып кеткен. Жалпы онымен күреске 300-ге жуық төтеншелік пен полиция және жергілікті тұрғындар тартылды. 22 мотопомпа, 60-қа жуық техника жұмылдырылды. Апаттың түнгі сағат 2:00 алдын алды.
– Үйдің ауласынан, көшелерден су Талас өзеніне қарай ағызылып жатыр. 4000 текше метрден астам су бағытын бұрдық. Мал шығыны, зардап шеккендер адам жоқ, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов.
Ауылдықтар «4-5 жылда қайталанып тұратын тасқынның алдын алуға болар еді» дейді. Азаматтардың сөзінше, елдімекенді айналып өтетін тоған қамысқа толғандықтан сел канал асып, ауылға беттеген көрінеді.
– Ең бірінші жұмыс тоғанды тазалау керек, кеңейту керек. Содан кейін тоған кеңейтетін болса, көп шығынға жол берілмейді. Мүмкіндік болса,мектептің тұсын тура су алатын жерлерді көтерсе де болады, – деді Жасөркен аулының тұрғыны Марат Сейдуалиев.
Қазір төрт түлік пен дүние мүлікке келген залал бойынша комиссия нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жергілікті билік апатты қайта болдырмау үшін таудағы суды Беларық каналына бұруға бекінген.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы су тасқынына байланысты жағдаймен танысты