Елімізде Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Ол туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мәлімдемесінде айтты. Мемлекет басшысы вирус қаупі әлі де сейілмегендіктен, осындай Жарлық шығаруға шешім қабылданғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дегенмен жақын күндері мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын деді Президент. Қай қалада, қандай мекемелер жұмысын бастайды?
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан бері 41 күн өтті. Қауіпті вирустың кесірінен қалалар карантинге жабылды. Көптеген мекеме қызметін тоқтатты. Ал, індеттің қаупі әлі де сейілген жоқ деген мемлекет басшысы төтенше жағдай уақытын 11 мамырға дейін ұзарту туралы жарлық шығарды.
«Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Өкініштісі, ортақ міндетті елемей, жеңіл-желпі қарап жүргендер бар. Мұндай жауапсыз адамдарға Президент тағы бір ескерту жасады. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз, деді. Мемлекет басшысы бұл кезең жұртқа оңай тимей жатқанын түсінетін де айтты. Сондықтан Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін жеткізді.
«Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Енді жақын күндері Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Бұл ретте Президент алдымен, барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек деді. Сонымен қатар Үкімет 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз - өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн деп баса айтты. Сондықтан бөрікті аспанға атып, масканы шешіп жаппай далаға шығуға әлі ерте.
«Бұл дұрыс шешім. Себебі біз қазір әлемдік жағдайды бақылап отырмыз. Әлі коронавирустың өршуі өзінің ең жоғарғы санына әлі жеткен жоқ. Сондықтан қазір халықты далаға шығаратын болса, халық арасында ауру көбейіп, бұл халыққа қиындық туғызуы мүмкін. Сол себептен Президенттің бұл шешімі дұрыс», – деді саясаттанушы Азаматхан ӘМІРТАЕВ.
«Ел Президентінің бұл шешімі өте орынды деп ойлаймын. Себебі ең басты халықаралық дәрежеде өзінің сауаттылығын, парасаттылығын, әлем алдындағы кең шеңберін Президентіміз көрсете білді. Бұл бір сырттан келіп тұрған жау сияқты. Бірақ бұл жауға есіктің алдынан окоп қазып алып, оқ ат деп тұрған жоқ. Керісінше, жау сыртта, есікті жап та сақтана біл деген қарапайым сөзбен айтып отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ.
Иә, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дерттен сақтану өз қолымызда. Егер карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны қайтадан күрт көтеріліп кетуі мүмкін. Сол себепті ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Мемлекет басшысы ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы