Астаналық өрт сөндірушілер жалын шарпыған бес қабатты үйден алты бірдей адамды құтқарып, ажал аузынан алып қалды. Оқыс оқиға қаңтардың 17-сі күні болған. Бірінші қабаттағы пәтердің бірінде микротолқынды пештің сымдары тұтанып, ас үйдің жиһазы түгел өртеніп кеткен. Ал көк түтін бесінші қабатқа дейін жеткен.
Диана Жағыпарова - тілсіз жау шарпыған үйден құтқарылған тұрғынның бірі. Бірінші қабатты өрт алып жатқан кезде 11 айлық баласы және әжесімен бейқам күйде отырған. Кенеттен шуылдаған дауыстар мен көк түтіннің күлімсі иісін сезіп, әбден үрейі ұшқан.
«Жүгіріп шығып балконға шықтым. Балконға шықсам, екі өрт сөндіру көлігі келіпті, екі жедел жәрдем машинасын байқадым және полицейлер келді. Бір оқиға орын алғанын білдім. Балконнан «Менің балам бар еді, қай жерде өрт болып жатыр?» деп айқайладым. Үйге кірген кезде көк түтін болып кетіпті. Бірден басымыз айналып, тамағымыз қырылдап, үйдің бәрі көк түтінге толып кетті», – дейді Диана ЖАҒЫПАРОВА.
Өрт сөндірушілер мен тәртіп сақшылары Күйші Дина, 5 мекенжайындағы бес қабатты үйдің барлық тұрғындарын эвакуациялайды. Қызыл жалынның шығуына микротолқынды пештегі сымдардың тұйықталуы себеп болған екен.
Өрт үйдегі №65 пәтерде тұтанған. Қызыл жалын өрши түсіп, көк түтін бесінші қабатқа дейін жеткен, яғни бүкіл үйді шарпыған. Қабырғада әлі де ыс іздері қалып отыр. Ал куәгерлер өрт тұтанған пәтердің иесін өрт сөндірушілер ес-түссіз күйде шығарғанын айтуда.
Қазір газбен орташа ауырлықта уланған 1972 жылғы азамат шаһардағы №1 ауруханада ем-дом қабылдап жатыр. Жалпы, өрт сөндірушілер ең қауіпті аймақтан алты адамды құтқарып қалған. Олардың екеуі бала. Тілсіз жауды құтқарушылар бес минуттың ішінде ауыздықтап үлгерген.
«Ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ. Бұл біздің жұмысымыз. Біздің жұмысымыз күнде қауіп пен қатерге толы болады. Өзіміз ант қабылдап, адал кіріскен жұмысымыз жақсы көреміз. Бір адамды ажалдан алып қалсақ, соған қуанамыз. Осы жолы да пәтер иесі мен 5 адамнан тұратын көршілерін қштқарып қалдық. Ешқандай адам өлімі болмағаны қуантады», – деді Астана қалалық №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Нұрғали ШЫНДАУЛЕТОВ.
Құтқарушылар алты адамның ғана емес, бес қабатты бүкіл үйдің тұрғындарын құтқарды дейді көпшілік. Өртті шұғыл өшірмеген жағдайда, соңы қайғылы оқиғаға ұласуы әбден мүмкін болғанын алға тартады. Ал жалынды өшіру өрт сөндірушілердің қызметі болғанымен, басын әрқашан қатерге тігіп жүру – нағыз ерлік деп бағалайды ел.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана