|
09.03.2023 | 19:34
2348

Ақтөбе облысында 12 елдімекенді су басу қаупі бар

Биыл тасқынның алдын алу үшін жергілікті қазынадан 300 миллион теңге қаражат бөлінген

Ақтөбе облысында 12 елдімекенді су басу қаупі бар Almaty.tv

Ақтөбе жұрты 3 күннен бері жанын шүберекке түйіп отыр. Сай-саладан сарылдап аққан қызыл су тұрғындарды әбігерге түсірген. Көлге айналған көшелерден қараша түгілі көліктің өзі әрең өтеді. Бүгін ауа температурасының төмендеуінен қар суы қатып, жағдай біршама қалыпқа түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктем келсе, Ақтөбенің жылдағы көрінісі – осы. Тұрғындар шенеуніктердің әрекетсіз отырғанына наразы. Сондықтан өз күшімен үй аумағын тазалап, жан-жақтан арық қазуға мәжбүр.

«Су басқан жерге қоршау қойды, бірақ қарғын су нөпірмен келсе, бірден бұзып өтеді. Ондай қоршауды біз де жасадық. Қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз. Көмектесіп жатқан ешкім жоқ.  Қоңырау соғып, дабыл қағып жатырмыз. Оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз», – деді Бау-бақша кооперативінің тұрғыны Ажар Сәдуақасова.

Алайда жауапты мамандар қоңырау түскен аумақтың барлығы бақылауымызда деп сендірді. Инертті материалды да тегін жеткізіледі. Мұны пайдаланып, жалған қоңырау шалатындар да көбейіп кеткен көрінеді. Дегенмен қала әкімінің өзі де көктем келсе, Ақтөбенің суға кететінін жасырмады.  Өйткені техника тапшы, суағар жоқ.

«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бюджет мәселесін, қала аумағын есептеп, қанша көше қосылды бәрін санап, оларға қанша техника керек екенін есептеп шығарамыз», – деді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков.

Қар суының қатуы уақытша ғана құбылыс. Алдағы 2 күнде Ақтөбеде ауа-райы күрт жылынуы мүмкін. Сондықтан жергілікті билікке босаңсуға болмайды. Қазірдің өзінде 130 техника тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуге әзір. 

«Су тасқыны наурыз айының соңынан басталатын еді. Биыл көктем ерте келді. Қазгидромет мәліметіне сәйкес, дайын болдық. Қар тез еріп, машиналар үлгермей жатыр», – деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.

Су сору процесі уақытша тоқтағанымен, коммуналдық мекемелер қар шығаруды жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін 200 мың текше метр ақ ұлпа полигонға шығарылған. Айта кеткен жөн, облыста 12 елдімекен су басу қаупі бар аумақ ретінде назарда тұр. Биыл тасқынның алдын алу үшін жергілікті қазынадан 300 миллион теңге қаражат бөлінген.  

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы , Ақтөбе облысы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир