Оқушыны ұрып-соққан: Ақмола облысында спорт мектебінің директоры қызметінен босатылды

16.11.2021 01:08

Жоғары сынып оқушыларының өзінен кішілерге әлімжеттік көрсетіп жатқан туралы видео желіде жылдам тарап кетті

Almaty.tv

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы спорт-интернаттың директоры төменгі сынып оқушыларын ұрып-соққан жанжалды видеодан кейін қызметінен босатылды. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Жоғары сынып оқушыларының өзінен кішілерге әлімжеттік көрсетіп жатқаны түскен видео әлеуметтік желілерде жылдам тарап кетті. Ақмола облысы Степногорск қаласындағы спорт мектеп-интернатының 8-сынып оқушылары 7-сынып оқушыларына дене жарақатын салғаны анықталды. Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

«Степногорск мектеп-интернатында дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабының 1-бөлігі, яғни Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау және 194-бабы, яғни қорқытып алу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Ақмола облысы ПД ресми өкілі Баян Балтабекова.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қоғамда жанжал тудырған бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

«Степногорсктегі жағдай туралы айтатын болсақ, интернат Спорт басқармасына қарайды. Мен тергеу шараларын жүргізу кезінде интернат басшысы мен тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушіні жұмыстан босатуды ұсындым. Өйткені өкінішке қарай, жағдай 21 қазанда болған. Олар тиісті органдарға хабарламаған. Бұл оқиғаны жасыру болып саналады», – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Бүгінде мектептерде әлімжеттік көрсету мәселесі көбейген. Бұл азаматтың інісі 7-сыныпта оқиды. Соңғы кезде себепсіз ақша көп сұрайтын болды дейді. Ол аздай, мектепке бармаймын дегенді шығарыпты. Мәселенің мән-жайын жасөспірімнің өзі айтпаған соң, қатарластарынан сұрап-білгенде, үлкендердің тарапынан қоқан-лоққы көріп жүргені анықталған екен.

«Менен «Каспи-голдпен 1000 теңге, 2000 теңге жіберші» деп көп сұрайтын. Мектепке бармай жүрген кездері де болды. Мектепте әбден қорқытып тастаған болса керек. Содан біз мұғаліммен, ата-аналармен сөйлесіп көрдік, сөйтсек, жоғары сыныптың балалары ұрып-соғып, ақшасын тартып алып жүрген көрінеді», – дейді тұрғын.

Психолог маманның айтуынша, мұндай агрессия ата-ана назарынан тыс қалған жасөспірімдер арасында көп кездеседі. Сол себепті Анастасия Лях балалардың өміріне бей-жай қарамай, көп көңіл бөлуге кеңес береді. Сонда ғана қоғам үшін қауіп төндіріп отырған мұндай жайттардың қатарын азайтпақпыз деген пікір білдірді.

Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы