Тізгінге ие бола алмай, үйге барып соғылған автобус жүргізушісінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше Алматының Алатау ауданында жолаушылар мінген қоғамдық көлік жеке сектордағы тұрғын үйге соғылып, оның бір бөлігін түгел қиратқан еді. Қазір баспана жарамсыз күйде.
Автобус үйге соғылмай тұрып, Галина Щербакова немерелерімен бірге дастархан басында бейқам отырыпты. Айтуынша, соққы кезінде құдды бір жарылыс болғандай, қатты дауыс шыққан. Балалар түгілі өзінің де зәресі ұшып, қатты шошығанын айтады. Жылдамдықпен келген автобус үйінің бір бөлігін қиратып барып тоқтапты. Үйде болғандар жарақат алмаған.
«Автобуста жиырма шақты адам болды. Олардың арасында аяғы ауыр әйелдер мен балалар да бар. Үйдің қирағанын ұмытып, соларға алғашқы көмек көрсетіп кеттік. Көлік жүргізушісі қатты жарақат алды. Жедел жәрдем шақырып, бірден ауруханаға алып кетті», – деді үй иесі Галина Щербакова
Алатау ауданының тұрғындары бұған дейін де Күдерин көшесімен көліктердің жүйткіп өтетенін айтып шағымданған. Бұл әсіресе мектепке баратын балалар үшін аса қауіпті дейді аудан халқы. Тар көшемен ауыр жүк көліктері де жүреді екен.
Автобустар осылай үйге жақын жүреді. Адам жүретін тротуар жолы тым тар. Менің өзім әрең жүріп келе жатырмын. Қоғамдық көліктің үйге барып соқтығысатындай қандай жылдамдықпен жүргені белгісіз. Байқағанымыздай, жол бойында жылдамдықты шектейтін ешқандай белгі орнатылмаған.
Апат салдарынан 7 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. 6 жолаушы дәрігер бақылауынан кейін үйіне жіберіліпті. Ал автобус жүргізушісі қазір жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Қалалық полиция департаменті апатқа не себеп болғанын анықтап жатыр.
«Кодекстің 345-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушілердің дене-жарақатын анықтау мақсатында міндетті түрде сот-медициналық сараптамасы тағайындалатын болады.Содан кейін сот-автотехникалық сараптама нәтижесінде не себепті апат болғанын анықтаймыз», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек..
Автобус соғылған үйдің сиқы мынау. Қабырғасы құлап, шатыры қираған. Галина Щербакова мұнда қызымен және немерелерімен тұрады. Жақында ғана жиған терген ақшасына үйіне күрделі жөндеу жүргізген. Енді оның шығынын кімнен өтеп аларын білмей дал. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, сот шешімінен кейін ғана белгілі болады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы