|
19.06.2023 | 19:36
584

Маңғыстауда жасөспірім суға батып кетті

Төртеуі қазір ауруханада жатыр

Маңғыстауда жасөспірім суға батып кетті ашық дереккөзден

Маңғыстауда рұқсат етілмеген жерге шомылған 5 бала суға кетіп, біреуі қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төртеуі қазір ауруханада жатыр. Алайда олармен бірге сынып жетекшісі де, ата-аналары да барған. Ешкімге ескертпей, оқушыларды Каспийге алып барғандар енді заң алдында жауапқа тартылмақ. 

Қайғылы жағдай кеше Ақтау қаласынан 64 шақырым жердегі Каспий теңізінің жағасында болған. Жағалауға 5 оқушының үшеуі өз күшімен шыққан. Қалған екеуін жақын жердегі демалушылар құтқарған. Бірақ 15 жастағы жасөспірім жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.

2008 жылы туған қыз ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Ал үшеуінің жағдайы орташа ауырлықта, қазір облыстық аурухананың травматология бөлімінде ем-дом қабылдауда. Барлығы да Мұнайлы ауданының оқушылары.

«Бір сыныпта барлығы 24 оқушы бар. Оның үшеуі бармаған. Мектеп әкімшілігіне, білім бөліміне ешқандай хабар бермеген. Ата-аналар жасырын ұйымдастырған. Олармен бірге сынып жетекшісі де барған. Мұғалімге қатаң шара қолданамыз», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

Мектептің түгел сыныбы теңіз жағалауына баруды өз еркімен ұйымдастырғаны белгілі болды. Алайда мұғалім мен ата-аналар мұндай жиынды ұйымдастыруға болмайтынын біле тұра еріп барған. Бірақ жауапты органдарға хабарламаған көрінеді.

«Қарапайым ережені сақтамай суға түсіп жатқандар өте көп. Жаз кезінде бәрі шомылғысы келеді. Дегенмен сақ болу қажет. Қазір халық арасында «теңіз тартылды, яғни таяздады» деген ұғым қалыптасқан. Бірақ олай емес. Теңіз тартылғаныменен су терең жерге жиналады», – деді Облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлыбек Айжарықов.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын «Шора» су арнасына 23 жастағы жігіт суға кеткен. Оны сүңгуірлер 3  күннен бері іздестіріп жатыр. Облыста суға түсуге тыйым салынған 8 аймақ белгіленді. Оның қатарында «Голубая бухта» да, «Шора» да бар.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир