Алматы көшелеріне жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

elements.envato.com
elements.envato.com
Шаһар тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін көлік қозғалысы мейлінше аз шектелмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы жөнделуі тиіс  274 көшенің 25-інде жұмыс аяқталды. Қазірдің өзінде 20 шақырымға жуық аумаққа асфальт төселді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ал 97 шақырымға созылған 80 көшеде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасы хабарлады. Сондай-ақ, былтырмен салыстырғанда биыл 100 көше артық жөнделеді. Жауаптылардың сөзінше, шаһар тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін көлік қозғалысы мейлінше аз шектелмек.

Қазір Масанчи көшесінің бойындағы жүргіншілер жолына жөндеу жүргізіліп, белгі салынып жатыр. Жұмысқа 40 техника мен 80 адам жұмылдырылды.

- Бұл - біз жөндеу жұмысын аяқтаған 9-шы көше. Салада 16 жылдық тәжірибеміз бар болғандықтан, сапаға назар аударамыз. Қалыңдығы 5 сантиметрлік 2,5 тонна полимерасфальтбетон жабындысын бір түннің ішінде төсеп шықтық. Бұл өнім қарапайым асфальттан әлдеқайда мығым әрі көпке дейін шыдас береді, - дейді мердігер компания басшысының орынбасары Эльдар Насимов.

Сондай-ақ мердігер компания шаһардағы Манас, Керей-Жәнібек хандар, Тұрғыт Озал сынды тағы 6 көшені жаңартады. Тың технология қолданылғандықтан, жол жабындысы 36 сағат бойы қозғалыссыз тұруы қажет екен. Сондықтан жауаптылар тұрғындарды алдын ала хабарландырып отыратынын айтып, жұрт тарапынан ешқандай шағым тіркелмегенін де жеткізді.

- 250 шақырымдық 274 көшенің 20-сы - магистральдық көше. Жалпы аумағы - 56,7 шақырым. Бұл көшелердің барлығын 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз. Ал жөндеу жұмыстарын толығымен қазан айының соңына дейін, яғни, бір айға ерте бітіреміз, - дейді қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат Ордабаев.

Шаһардағы 169 көшені жаңарту жұмысы енді басталса, 17 мың шаршы метр аумақта жол көлік оқиғасынан, сондай-ақ табиғи жолмен пайда болған шұңқырларды жамау аяқталып қойыпты.

Еске салайық, көшелерде жүргізілетін жұмыстарға қатысты алдын ала ақпаратты қала тұрғындары Алматы жолы Телеграм парақшасы арқылы біле алады.

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданында жылу желілеріне жөндеу жүргізіледі

Новости партнеров